Бауыржан Байбек пен оның отбасына қатысты іс қозғалғаны рас па?

Көркем Алдабергенова 28 мам. 2025 12:40

Қаржылық мониторинг агенттігі (ҚМА) Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбек пен оның туыстарына қатысты қылмыстық іс тіркелмегенін растады. Бұл туралы агенттік төрағасының орынбасары Жеңіс Елемесов мәлімдеді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Журналист Байбектер отбасының қаржылық активтері мен олардың Қоспаев тобына қатысы жайлы сұрақ қойды.

– Байбекке қатысты бізде  не әкесіне, не ұлына тіркелген ешқандай қылмыстық іс жоқ. Қоспаевқа қатысты іс бойынша үкім шыққан. Сонымен қатар, жеке өндіріске бөлінген қылмыстық іс бар. Ол бойынша кейбір тұлғалардың әрекетіне құқықтық баға берілуі тиіс. Бұл іске құрылыс саласында белгілі бір шешімдер қабылдаған лауазымды тұлғалар мен қылмыстық топқа көмектесіп, активтерді жасыруға атсалысқан белгісіз адамдар да кіреді, – деді Елемесов.

2018 жылдан 2022 жылға дейін Қоспаевтың ұйымдасқан қылмыстық тобы AV-Construction компаниясын бақылауына алып, Esentai City тұрғын үй кешеніндегі 133 жылжымайтын мүлікті – пәтер мен коммерциялық нысандарды өздеріне, туыстарына және байланысы бар адамдарға төмендетілген бағамен сатып жіберген. Бұл әрекет компанияға 4,6 млрд теңге көлемінде залал келтірген.

Аталған жылжымайтын мүліктерге ие болғандар арасында Назарбаевтар әулетінің мүшелері мен Алматының бұрынғы әкімі Бауыржан Байбектің әкесі де бар екені хабарланды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар