Биыл екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталғанына – 79 жыл. 9 мамыр Жеңіс күні Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев облыс орталығындағы «Жеңіс» алаңына барып, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды, – деп хабарлайды Dalanews.kz БҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға еңбек ардагерлері, құқық қорғау саласының қызметкерлері, зиялы қауым өкілдері, қоғам белсенділері мен жастар қатысты.
Жиналғандар сұрапыл соғыс жылдарында кеудесін отқа тосып, бейбітшілік үшін күрескен батырларға тағзым жасап, гүл шоқтарын қойды.

Атап айтқанда, Нариман Төреғалиев соғыс ардагерлері – Иван Гапичті, Вениамин Скаленконы және тыл ардагері – Ақбай Жайсаңды Жеңіс күнімен құттықтады.

– Ардагерлеріміздің ұлы ерлігін әрбір қазақстандық құрметтеп, есте сақтауы керек. Сіздердің арқаларыңызда қазіргі ұрпақ бейбіт күнде өмір сүріп жатыр. Ардагерлерге қамқорлық көрсету – біздің ортақ парызымыз. Оларға қолдау білдіру әрқашан мемлекеттің басты назарында болады, – деді облыс әкімі Нариман Төреғалиев.
Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында ҰОС-ның 14 ардагерлері бар. Биыл 9 мамыр қарсаңында олардың әрқайсысына 1,5 млн теңгеден әлеуметтік көмек берілді.