Батыс Қазақстан облысы өртке қарсы қалай күресіп жатыр?

Dalanews 09 там. 2017 04:57 775

2017 жылдың 4 тамызы күні Батыс Қазақстан өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Аймақтағы өртке қарсы іс-шаралар» тақырыбында брифинг өтті.

Брифингтің жұмысына БҚО бойынша төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары А.Ахметжанов, облыстық ауыл шаруашылық басқармасының басшысы Б.Есенғалиев, облыстық ветеринария басқармасы басшысының м.а. Е.Ахметов, Ақжайық ауданы әкімінің орынбасары А.Әбуғалиев, Қазталов ауданы әкімінің орынбасары Н.Құтқожин қатысты.

Ағымдағы жылдың басынан бастап (03.08.2017 жылғы сағат 17.00-дегі жағдай бойынша) Батыс Қазақстан облысы аумағында жалпы ауданы 50,3 гектар гектар құрайтын 2 орман өрті және жалпы аумағы 26 220 гектар 246 өрт оқиғасы тіркелді. Өрт оқиғаларының негізгі себептері: отпен абайсыздық және құрғақ шөптерді рұқсатсыз өртеу.
2016 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда, өткен жылы облыс аумағында жалпы ауданы 2509 гектар құрайтын 104 жану оқиғасы тіркелді.

Табиғи өрттердің және жанулардың алдын алу, сөндіру үшін облыста құрамы 2954 адамнан тұратын 151 ерікті өртке қарсы құрылымдар құрылды. Олар 94 су тасығышпен, 449 басқа да техникалармен, 1706 аспалы өрт сөндіргіштермен, 106 мотопомпамен және 1633 басқа да алғашқы құралдармен қамтамасыз етілді.

Өткен аптада облыс аумағында орын алған табиғи өрт және жану оқиғалары салдарынан 1 адам зардап шегіп, халықтың тұрмыс-тіршілігінің бұзылуы және үй жануарларының күйікке шалдығып, өлуі жағдайлары тіркелді. Мәселен, 30 шілде – 2 тамыз аралығында болған Қазталов ауданында болған үлкен өрттен 598 бас ұсақ қой малы қырылды. Күні бүгін жергілікті тұрғындар зардап шегушілерге келген шығынның орнын толтыру үшін өз еріктерімен демеушілік көмек ретінде 298 бас қой жинап берді. Келтірілген шығынның қалған бөлігі арнайы құрылған комиссияның қорытындысынан кейін төленетін болады.

Сондай-ақ, Қаратөбе ауданында өрт салдарынан 37 электр бағаны жанып кеткенімен, жергілікті халыққа электр қуатын жеткізуде кедергі болған жоқ.

Ақжайық ауданында өртенген 500 бума шөптің де орны толады. Аталмыш аудан әкімі орынбасарының айтуынша, күні бүгін көрші аудандар мал азығын беріп, көмек қолын созуда.

Анықтама үшін:

2017 жылдың 2 тамызында облыс әкімінің міндетін атқарушы Б.О.Азбаев өткізген селекторлық кеңесте азаматтық қорғау саласының облыстық аумақтық басқарма басшылығының ақпараты тыңдалды. Келтірілген материалдық залал көлемін анықтау мақсатында арнайы комиссия құрылды. Нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес залал өтемақысы мәселесі қарастырылуда.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар