Батыс Қазақстан мен Ресейдің арасында тауар айналымы 700 миллион доллардан асты

Ақтоты Жапатова 20 нау. 2025 09:45 370

19 наурыз күні Саратов облысы Үкіметі төрағасының орынбасары Алексей Никитин бастаған Саратов облысының делегациясы Орал қаласына келді. Делегация құрамында мемлекеттік органдардың өкілдері, Сауда-өнеркәсіп палатасының мүшелері, білім беру саласының қызметкерлері мен кәсіпкерлер бар. Кездесу барысында екіжақты ынтымақтастықтың келешегі талқыланды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев ресейлік әріптестерімен амандасып, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев екі елдің өңірлері арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық байланыстардың маңыздылығына бірнеше рет назар аударғанын атап өтті.

Кездесу барысында тараптар ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. 2024 жылдың қорытындысы бойынша Батыс Қазақстан облысының Ресей Федерациясымен тауар айналымы 700 млн доллардан асты, оның 37,1 млн доллары Саратов облысына тиесілі. Сондай-ақ өңірде ресейлік бизнеспен әріптестік қарқынды дамуда: соңғы үш жылда сауда, маркетингтік зерттеулер, IT және басқа да салаларда 740-тан астам бірлескен кәсіпорындар тіркелді.

Агроөнеркәсіптік кешені, білім беру және денсаулық сақтау салаларындағы өзара іс-қимылға ерекше назар аударылды. Батыс Қазақстан облысы Н.М.Тулайков атындағы Самар ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен және П.Н.Константинов атындағы Поволжия селекция және тұқым шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтымен тығыз байланыс орнатқан.

Мысалы, Самар ғылыми-зерттеу институтымен ынтымақтастық аясында БҚО аумағында кеңінен таралған «Волгоуралдық» жаздық бидайдың бірлескен сорты әзірленді.

Сондай-ақ облыс әкімі жоғары білікті мамандарды даярлау үшін Саратов облысының жетекші университеттерімен әріптестік орнатуға қызығушылық білдірді. Ол халықаралық ынтымақтастық аясында батысқазақстандық ғалымдар Саратов облысының жоғары оқу орындарымен бірлесіп ауыл шаруашылығында, халықаралық құқықта, медицинада жобаларды жүзеге асырып, магистранттар мен аспиранттарды тағылымдамадан өткізіп, оқытатынын  атап өтті.

«Батыс Қазақстан облысы үшін Саратов негізгі серіктестіктің бірі болып табылады. Бүгін біз ынтымақтастықты одан әрі нығайту перспективаларын жан-жақты талқылап, оны тереңдету мәселелері бойынша пікір алмастық. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, саратовтық әріптестерімізді биылғы күзде Батыс Қазақстан облысында өтетін Қазақстан-Ресей форумына шақырамын», – деді Нариман Төреғалиев.

Ресейлік тарап та екіжақты байланыстарды белсенді дамытуға және нығайтуға дайын екенін білдірді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар