Бұл туралы 31 арнаның “Ұят емес” бағдарламасында айтылды деп жазады Stan.kz.
– Қайтыс боларынан төрт сағат бұрын ол кісі сізге қоңырау шалыпты. Сол кезде Батыр аға не деді?
– “Ана, сен “Один в одинге” түсіп жатқан кезде хабарласпағын. Бүгін сағат 10:30-да өзім қоңырау шаламын. Өйткені үш сағат бойы жаңағы жерде жатуым керек” деді. Мақұлдасып, келісіп, айтқан төрт сағаты өтті. Қайта-қайта телефонға үңіліп қарай берген едім, келінім хабарласпауымды сұрады. Түн болып кеткенін атты. Ана жүрегі сезеді ғой. Біреулердің жаман хабар айтуға келе жатқаны көзіме көріне берді.
Мұны келініме айтқан едім. Ол “Түү, сіз де қайдағы жаманды айтасыз. Жатып ұйықтаңызшы” деді. Арада 20 минут өткені сол еді, туыстарымыз қаралы хабарды естіртуге келді. Мен “Оның өлуі мүмкін емес. Жаңа ғана сөйлестім. Сендер қайдағы жоқты айтасыңдар” дедім. Содан кейінгісі есімде жоқ. Үш сағат талып жатып қалған екенмін. Талып жатқанымда министрлік қайта-қайта хабарласып, “Мәйітін қай жаққа апарамыз? Сол мәселені тезірек шешіңіздер” деп сұраған екен. Туыстарымыз Қызылордаға алып келулерін өтініпті. Олар көнбей, бәрібір де анасынан сұрауды талап еткен екен. Жүргеновте істейтін құдама “Аман, сен қайда десең, сол жерге жерлейік” дедім.
– Сіз Батырдың жүрегі ауыратынын білдіңіз бе?
– Оның ешқандай жүрегі ауырған жоқ. Кеше Ұлттық кардиологиялық центрде болдым. Менің алдымнан 15 күн бұрын келіп тексеріліп кеткен екен. Артынша мен барып жүрегіме ота жасаттым. Сол уақытта Батырхан “Менің анам осы ауруханаға ота жасатуға келеді. Сендер менің осы жерде жатқанымды айтпаңдар” деген екен. Өмірі жүрегім ауырады деп шағымданған емес.
Дәрігер Мархабат Байбосынова “Батыр, сенің ауруың жүрегіңде емес, кеудеңде. Қатты қиналып саксафон тартқан кезде қалқанша безің жабылып қалуы мүмкін. Сен жатып емдел” деп айтқан екен. Ұлым өз кезегінде мамыр айында келіп емделетінін айтқан. Құдайдың ісі шығар. Мен оны жүректен кетті деп есептемеймін. Осы жаққа келген соң экспертиза жасатайық деген едік. Туыстарымыз құжаттардың барлығында жүрек ауруынан қайтыс болғаны туралы жазылып қойғанын айтып қарсы шықты. Мен адамның қолынан болды деп ойлаймын.
– Ұлыңыз адам қолынан қаза тапты деп ойлайсыз. Бірақ бұған дәлеліңіз бар ма? Ал осылай ойлауыңызға не себеп болды?
– Менің ешбір дәлелім жоқ. Ұлыма суға бірнәрсе қосып берді ме деп ойлаймын. Өзімше грим жасап жүргендер шығар деп ойлаймын. Балаларым “Ол өзінің кететінін біліп жүрген” дейді. Дұшпандары болған сияқты. Барлық нәрсені тапсырды. Есіл-дерті баласы болған. Баласын өте қатты жақсы көретін еді.
– Батыр түсіңізге кіре ме?
– Иә, Батыр түсіме кіреді. Жаңағы емханадан шығатын күні түсіме кірді. Өзі аппақ киініп алған, билеп есіктен кірді. “Ана, сен сенімді адамдардың қолында жатырсың. Сен жақсы боласың. Мына қыздардың бәрі жүгіріп жүр ғой” деп айтты да шығып кетті. Түсім туралы қыздарға айтып берген едім, “Апа, ол кісі бізді сондай жақсы көретін еді” деп күлді.
– Ыңғайыссыз сұрақ шығар. Аналар мықты болады ғой. Батырдан айырылған соң, қалай өз өзіңізге келдіңіз?
– Батырханның өлімінен кейін адам болмай қалдым. Жүдедім, жыладым. Ешқайда бара алмай, ешқайда келе алмай жүрдім. Есіктің алдына шықсам, көз алдыма Батыр келеді. Оның үстіне теледидардан қайта-қайта көрсетеді. Сөйтіп жылаумен келе жатырмыз. Халық соншалықты құрметтеп жатыр. Оларға сондай ризамын. Олардың алдында жылай беруге де ұялады екенсің. Қай бір күні Меладзе келіп, бізді Батырдың басына ертіп барды. Айдаладағы біреулер жылап тұрып, бізді құшақтап жатыр. Гүл қойып, басын құшақтап жылап жатыр. Соның жақсылығы шығар деп ойлаймын.