Баталов көпбалалы аналарға 100 коттедждің кілтін табыс етті (фото)

Dalanews 09 қаз. 2019 08:02 899

Алматы облысында көпбалалы отбасыларды үймен қамту жүйелі әрі қарқынды жүруде. Бұдан бұрын облыс әкімі Амандық Баталов көпбалалы отбасыларға арнап коттедждер салынатын айтқан.

Осы мақсатта Талдықорған қаласында  "Береке" коттеджді қалашығы пайда болатыны хабарланған. Күні кеше осы ауданда іргетасы қаланған 100 коттедждің құрылысы аяқталып, қолданысқа берілді. 



Алматы облыстық баспасөз қызметінің хабарлағанындай коттедждердің кілтін тапсыру рәсімі 4 қазан қала күнімен тұспа-тұс келген. Дәл осы күні көп балалы аналар, ауған соғысының ардагерлері және үй кезегінде тұрған отбасылар құтты қоныстарына кірді. 

Баспаналы болған отбасыларға пәтер кілтін облыс әкімі Амандық Баталов пен ғарышкер Айдын Айымбетов табыстады. 

"Береке" мөлтек ауданында бой көтерген 100 коттедждің аумағы бірдей, іші - сырты ақталған, әрбір үйдің ауласы шарбақпен қоршалған.



Қала күнінде қуанышқа бөленген отбасыларды облысы әкімі Амандық Баталов қос мерекемен құттықтап, тілек айтты. 

- Шаңырағың биік, босағаң берік болсын дейтін жақсы тілек бар қазақта. Бүгін сіздердің қуаныштарыңызға осындай тілектерді арнап айтқым келеді.

Жаңа баспанада бала-шағаларыңыз өсіп-өнсін, іші шаттық пен бақытқа толсын!


Бұл коттеджді қалашық біраз жыл бұрын қолға алынғанымен, құрылысы біраз саябырлап қалған еді. Биылғы жылы құрылыс жұмыстарын жандандырып, соның 100 үйін аяқтап, көп балалы аналарымызға, баспанаға мұқтаж азаматтарға беріп отырмыз.



Елбасы жүргізген, жаңа Президентіміз жалғастырған мемлекеттік саясаттың арқасында осындай зор нәтижелерге қол жеткізіп келеміз. Ынтымағымызды сақтап, бірлесе еңбек етсек, бұдан да биік белестерге жетеміз. Қашанда ел іргесі тыныш, еңбегіміз жемісті, ұрпақтарымыздың болашағы жарқын болсын! – деді А. Баталов.

Артынша ғарышкер Айдын Айымбетов сөз алып, жаңа қонысқа көшкен отбасыларды үйлі болуымен құттықтады. 

"Береке" шағын ауданында салынған коттедждердің құрылысына облыстың кәсіпкерлері қол ұшын созды. Бизнес әлеуметтік жауапкершілігін ескерген белсенді кәсіпкерлердің қатарында «Сарқан Май», «Адал», «Казфудпродакс», «Жаркент Арасан», «Табыс даму», «Нұр-Шапағат», «Ақсу қант», «Вершки» ЖШС-ларының, «Ернар» шаруа қожалығының, Жаркент Крахмал зауытының басшы азаматтары бар.

Кілт тапсыру тапсыру рәсімінде осынау кәсіпорын басшыларының біразы ортаға шығып, баспаналы болған отбасылардағы қоныс тойымен құттықтады. 



Шарада көп балалы ана Зылиха Нұрсейітоваға сөз беріліп, аузы дуалы ақсақал Әлімғазы Райымбеков жиналған жұртқа ақ батасын берді. 

Амандық Баталов қолданысқа берілген коттеджерді аралап көріп, көп балалы ана Рысқан Ақбәкірова мен Зылиха Нұрсейітованың дастарханынан дәм татты.

Айта кетелік, қолданысқа берілген 100 коттедж "Коттеджді қалашықтағы" жалпы құрылыстың алғашқы кезеңі ғана. Жоспарға сәйкес бұл ауданда аумағы 56 мың шаршы метр болатын 606 коттедждің қабырғасы қаланбақ. 



Әзір екі қабатты 155 үйдің құрылысы жүрдек жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстарын 5 компания атқаруда. 

Атап айтқанда көпбалалы отбасыларға арнап "Le Pes» компания жалпы аумағы 10,2 мың шаршы метрлік 125 пәтерлі 2 үй салуда.

«7-20-25» бағдарламасы арқылы 8-ші және 9-шы шағын аудандарда аумағы 23,8 мың шаршы метр болатын 5 үйдің құрылысын биыл бастап, келер жылы аяқтау көзделген.

Сонымен бірге бюджет есебінен 8 және 9 шағын аудандарда жалпы ауданы 140,5 мың шаршы метр 1 553 пәтерлік 15 үйдің жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.



Жыл басынан бері қалада "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша 100,4 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілген, бұл былтырғы көрсеткіштен 1,8 есе жоғары.

Биылғы жылы көп балалы және аз қамтылған отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешуге республикалық бюждеттен 5,6 млрд. теңге бөлінді, оның 3,4 миллиарды – 492 пәтер сатып алуға, 2,2 миллиард теңгесі 180 пәтер сатып алуға жұмсалатын болады. 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар