Өткен жылды түйіндеп, алдағы уақытта атқарылар істі межелеген Амандық Баталовты Dalanews.kz тілшісі де мұқият тыңдап шықты.
Әкім Жетісудің 7 басым бағытын айқындап берді. Бұл қандай, нендей бағыт?
Инвестормен сыйысып жұмыс істеу
Бұған дейін де өнеркәсіптегі өнім үлесі көз қуантарлық болған. Облыста өнеркәсіпте 1 трлн. 168 млрд. теңгенің және ауыл шаруашылығында 918 млрд. теңге өнімі өндіріліп, өсім 2,3 процентті құрады.
Дәл қазір Жетісудің инвестициялық қоржынында 44 мың жұмыс орнын құратын жалпы құны 5,4 трлн. теңге болатын 546 жоба бар. Оның ішінде 7,6 мың жұмыс орнын құратын, инвестициясының жалпы сомасы 250 млрд. теңге болатын Трансұлттық компаниялардың 9 жобасының үлесі зор.
Баталовтың айтуынша, Трансұлттық «Маревен Фуд», «Лукойл», «Willo» компанияларының жобалары бүгінгі күні іске асқан.
Биыл жылына 60 мың тонна қуаттылығы бар «Фид Миллс» құрама жем зауыты іске қосылады. Алдағы айда 360 жұмыс орнын құратын, инвестиция көлемі 47 млрд. теңге болатын, қуаты 1,2 млн. тонналық «Алацем» өңірдегі тұңғыш цемент зауыты ашылады.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы шеңберінде 56 млрд. теңгелік 183 жоба мақұлданған. Жыл соңына қарай өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,3 трлн. теңгеге, шикізаттық экспорт – 400 млн. долларға жетіп, 18% өседі деп күтіліп отырғандығы кездесу барысында мәлім болды.
Аграрлық салаға Трансұлттық компанияларды тарту
Баталов өңірдің агроөнеркәсіп саласында ет, сүт, майлы дақылдар, көкөністер мен жемістерді қайта өңдеу бойынша ірі инвестициялық жобаларды іске асыруды жоспарлауда.
Алматы облысы аграрлы сала. Аталған бағытта да ауыз толтырып айтар жетістік жоқ емес.
Мәселен соя дақылын өсіруде Жетісу жері көш бастап тұр. Еліміздегі соя өндірісінің 95 пайыз осы өңірге тиесілі. Аталмыш көрсеткішке қол жеткізуге облыс орталығындағы «Жетісу МаЖико» және Еңбекшіқазақ ауданында орын тепкен «Соя зауыты» сынды кәсіпорынның жұмыс жасауы сеп болған жайы бар.
Тәтті түбірдің табыс көзі болғаны қашан. Ал, бұл тұрғысында өңір ешқандай аймаққа дес бермесі анық. Өткен жылы, қызылша 16,5 мың га алқапқа егіліп, одан 55 мың тонна өнім түскен-ді.
Өндірісі тұралап қалған Ақсу қант зауытының екінші тынысы ашылғандығы және бар.
«Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі бір трлн. теңгеге, бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 2,8 млн. теңгеге жетеді»,- дейді өңір әкімі.
Амандық Ғаббасұлының тіліне тиек болған іс – құс еті мен жұмыртқа өндіру болды. Бұл бағытта етті бағыттағы «Прима құс» ЖШС қуаты 37 мың тонна болатын құс фабрикасының құрылысы басталады.
Ет өңдеуге қатысты Трансұлттық компаниялардың қатысуымен жүзеге асырылатын жобалар да есепті кездесуде айтылды.
Жақын уақытта “Бауманн” неміс компаниясы «Жетісу қой» жобасын жүзеге асыра бастайды. Бұл жылына 30 мың тонна ұсақ мал етін терең өңдейтін жоба болмақ.
Америкалық «Тайсон Фудс» компаниясы да ірі қара етін өңдейтін, қуаты жылына 500 мың бас мал етін өңдеуге қауқарлы зауытын салады. Ол үшін Қапшағай қаласының маңынан жер учаскесі бөлінген.
Баталов инвесторларға барлық жағынан қолдау көрсетуге дайын.
Банктерді "құтқарғанша", шағын кәсіпкерге көмектесу
Карантинде экономиканың әлсіремеуінің бірден бір негізі шағын және орта бизнестің өз жұмысын жалғастыруы. Пандемия салдарынан біраз кәсіпкердің жұмысы кібіртіктеп қалды жасырын емес.
Алматы облысындағы осы салаға жауапты менеджерлер кәсіпкерлерге дер кезінде қол ұшын созған.
Баталовтың мәліметі бойынша карантинге қарамастан өңірдегі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны азайған жоқ. 262 мың адам жұмыс істейтін 123 мыңнан астам кәсіпорын жұмысын жалғастыруда.
Айтуынша «Бизнестің жол картасы», «Еңбек» бағдарламалары арқылы көрсетілген қолдау өзін-өзі ақтаған, сол сияқты қоры 15 млрд. теңгеге дейін көтерілген «Даму» қорының қаражаты да шағын және орта бизнеске септігін тигізген.
Облыста несиелер бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялау, гранттар, микрокредиттер түріндегі көмектерді 4 мыңдай кәсіпкер алған
Дағдарысқа қарсы жоспар шеңберінде бизнестің 119 мың субъектісі салықтық ынталандыруға ие болды, 641 субъект 24 млрд. теңге шамасындағы кредиттер бойынша төлемді кейінге шегеру мүмкіндігін алды.
Ең бастысы өңір басшылығы 6,5 мың кәсіпкерге жалға алып отырған нысанның арендасын 30%-тен 90%-ке дейін төмендетуге жәрдемдескен.
- Биылғы жылы шағын және орта бизнесті қолдауға 1,3 млрд. теңге бағытталады. Шағын-орта бизнестің өңір экономикасындағы үлесі 34,3% дейін өседі. Кәсіпкерлердің өткен жылғы шығындарынан кейін қайта еңсе көтеруіне әкімдер қолдау көрсетуді жалғастырады, - деді Баталов.
Қазақтың баспана мәселесін шешу
Облыста тұрғын үй тоқтаусыз салынуда. Биыл Жетісу өлкесінде 1 млн. шаршы метрден астам тұрғын үйді тапсыру жоспарланыпты. Соның ішінде "Нұрлы жер" мембағдарламасы бойынша 191 мың шаршы метр пайдалануға беріледі.
Баталовтың мәліметінше, облыста пәтер алуға 52 мыңға жуық адам, жер телімдерін алуға 154 мыңнан астам азамат кезекте тұр.
"Өткен жылы 2 395 отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Мұның 1 258-і көпбалалы және тұрмысы төмен жанұялар.
Биыл ма? Биыл 3731 отбасы жаңа баспанаға ие болады, оның ішінде "Бақытты Отбасы", "7-20-25", "Шаңырақ" бағдарламалары бойынша - 1906 адам. Әйтсе де облыста үй кезегінде тұрғандар саны артпаса, кемімек емес, құрылыс қарқынын арттыру керек", - деді Баталов.
Үй соғылса жерге онымен ілесе келетін мәселелер жетерлік. Мәселен, көгілдір отын. Баталов бұл туралы да айтты.
Әзір Алматы облысында көгілдір отынмен 1,2 млн. адамды қамтитын 156 елді мекен қамтамасыз етілген. 6 жыл ішінде газдандыруға 148 млрд.теңге бағытталды, оның 93 млрд. теңгесі инвесторлар есебінен. Тек облыс орталығында 2020 жылы газға 16 мың абонент қосылды.
“Балқаш, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Ескелді аудандары мен Текелі қаласының орамішілік желілері салынуда. Ақсу, Сарқан, Алакөл, Райымбек және Кеген аудандарын қамтитын "Талдықорған - Үшарал" және "Шелек - Кеген" магистральдық газ құбырларының құрылысы бойынша жобалық-сметалық құжатты әзірлеу аяқталуда. Құрылысты келесі жылдан басталады және 2025 жылға қарай газдандыру деңгейі 76% - ға дейін жетеді, сөйтіп көгілдір отынға 1,5 млн. адам қосамыз”, – дейді Баталов.
Үй соғылған жерге әдетте жол да түсуі керек. Былтыр өңір жолдарының құрылысы мен жөндеуіне 61 млрд.теңге бөлінген. Қазір аймақтағы сапасы жақсы және көңіл көншітерлік жолдардың пайызға шаққандағы деңгейі 84 пайыз. Биыл бұл көрсеткішті 89% жеткізу жоспарда бар.
Баталовтың айтуынша Алматы облысының 347 ауылындағы жол сапасы жақсарған, оның ішінде ЖҚЖК аясында 216 ауылда 18 млрд.теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілген.
Облыстағы 193 балабақшада ыстық су жоқ. Бұл нонсенс
Білім беруге жеке тоқталған Баталов осы саладағы әліге дейін дейін шешілмеген олқылықтарды жасырмай айтты.
“Облыс бойынша 193 балабақшаның ыстық суы жоқ, 105 – і сумен қамтамасыз етілмеген, 20 – сы кәрізсіз. Тоқаев балаларды ерте жастан дамыту жүйесін, мектепке дейінгі оқытудың баламалы нысандарын құруды және басқа да мәселелерді қамтитын кешенді жоспар әзірлеуді тапсырған. Айтылған мәселені тездетіп шешу қажет”,- деді ол.
Мектеп оқушылары мен колледж студенттерін қашықтықтан оқытуға жағдай жасалған ба?
Баталовтың айтуынша осы мақсатта 80 мың компьютер сатып алуға 12,3 млрд.теңге бөлінген, 23,7 мың мектеп компьютері мұқтаж жандарға уақытша пайдалануға берілген.
Демеушілер есебінен 1 млрд. теңгеге 70 жаңа автобус сатып алынған.
Ал мектеп әжетханасының мәселесі шешімін тапты ма?
“348 оқу ордасында бұл жағдай реттелді, барлығына күрделу жөндеу жүргізілді. Енді 17 мектептің әжетханасын қалды”, – дейді әкім.
Оқушылар қашанғы үш ауысымда оқиды? Тұрғындар тарапынан қойылған көп сауалдың бірі осы.
Баталовтың мәліметінше облыс үш ауысымды оқытуды біржолата тоқтату үшін соңғы 5 жылда 27 мың орындық 49 мектеп салған. Алайда бұл жағдай реттелді дегенді білдірмейді. Көші-қон мен бала туу көрсеткішінің артуына байланысты үш ауысымда оқытатын метеп саны артуда. Алматы облысында қазір 49 білім ордасы 3 ауысымда балаларды оқытады.
“Былтыр 7 мектеп пайдалануға берілді, биыл 18 мектеп саламыз.
“Жұмыспен қамту 2021 жол картасы” аясында тағы 7 мектептің, оның ішінде үш ауысымның орнына алты мектептің құрылысы басталады. Былтырғы жетістігіміз Талдықорған қаласында Жетісу университетінің, Медициналық және политехникалық колледждердің, Қаратал ауданында Бастөбе колледжінің жатақханалары салынды”,- деді Баталов.
Аймақта 3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі мекемелермен қамту деңгейі былтыр 98% - ға жеткен.
Дәрігер мәртебесін көтеру
“Коронавирус әлем елдерінің денсаулық сақтау жүйесіне шайқалтып кетті”, – деген Баталов, Алматы облысындағы індетпен күреске бағытталған іс-шаралар туралы айтты.
Пандемиямен күреске жергілікті бюджеттен 14 млрд. теңге бөлінген. Осы қаражатқа 3 томограф, 18 рентген-аппарат, 219 өкпені жасанды желдету, 180 жедел жәрдем машинасы, 12 жылжымалы медициналық кешен сатып алынған.
Қазір аймақ ауруханалардың 90 пайызы медициналық жабдық және санитарлық автокөлікпен қамтамасыз етілген.
Талдықорған қаласында қысқа мерзім ішінде 200 төсектік модульді жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, инфекциялық төсектердің жалпы саны 5280-ге дейін ұлғайтылған.
Індетпен күреске Алматы облысымен етене жұмыс істейтін инвесторлар да атсалысқан екен.
"Лукойл", "BI Group", "Meridian Capital", "СарыарқаАвтоПром", "Шұғыла", "АСПМК-519" және басқа компаниялармен 22 бірлік санитарлық автокөлік, 500 оттегі концентраторы, 30 ӨЖЖ аппараты және 117 мыңнан астам жеке қорғаныс құралдары берілген.
Кербұлақ ауданы мен Қапшағай қаласының орталық ауруханаларында екі оттегі станциясы орнатылған.
"Biz Birgemiz", "Birgemіz Zhetysu" акциялары шеңберінде 47,5 мыңнан астам адам 313 млн.теңгеге азық-түлік және жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етілген.
«Жыл сайын облыста 10-15 меднысан салынады. Мәселен, өткен жылы Жамбыл ауданында әйелдер консультациясы бар 100 төсектік перзентхана, 10 дәрігерлік амбулатория және бір медпункт пайдалануға берілді.
Жауапты тұлғалар перзентханалардың, әйелдер консультацияларының және балалар медициналық мекемелерінің жағдайын жақсартумен тығыз айналысуы қажет. Дәрігерлер тапшылығын жою, медициналық қызметтер мен алдын алу жұмыстарының сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдау керек»,- деді Баталов.
Туризм? Алакөл ғана емес, тау кластеріне де көңіл бөлінеді
Соңғы бағыт, туризм саласы. Баталов биылғы жылдан бастап тау туризмін дамытуға күш салмақ. Аталған салаға инвестор тартып, жылына млн-ға тарта турист аунап-қунап қайтатын Алакөлдің деңгейіне жеткізуді жоспарлауда.
Әкімнің атап өткеніндей Алматы облысының Үшарал қаласындағы әуежайдың ұшу-қону жолағын қайта жаңғырту мен Ақши ауылында тазартқыш құрылысы бар кәріз жүйесін салу жобалары Үкімет тарапынан қолдау тапқан.
Жалпы туристер легі 2025 жылға қарай 3,5 млн. адамға жетеді, бұл өз кезегінде бюджеттің кіріс бөлігін арттыруға ықпал ететін болады.
Белгілі болғандай, өңірде Алакөл көлі жағалауының инфрақұрылымын дамытуға көп көңіл бөлінген. Үшарал әуежайы салынды. Темір жол қатынасы жолға қойылып, оған арнайы вокзал салынды. Ақши ауылына дейінгі 23 шақырымдық жол қайта жаңғыртылды.
Соның арқасында Алакөлде маусым сайын демалатындар қатары 1,3 млн. адамнан асты.
“Туризмнің тағы бір басымдық беретін бағыты – Алматы тау кластері. Соның аясында Талғар және Еңбекшіқазақ аудандарында заманауи тау-шаңғы курорттары салынады”, – деді Алматы облысының әкімі.
Әзірлеген, Анар САБЫРОВА