Басы дауға қалған Сатыбалды “Қазақфильм” жайлы өз шындығымен бөлісті

Dalanews 18 қаң. 2024 11:40 1760

Қазақстандағы жалғыз киностудия басшылары соңғы уақытта көпшіліктің сынына ұшырап, жаңалық беттерінен жиі көрініп жүр. Мәселен, біріне желтоқсанда ақша жымқырды деген айып тағылса, қаңтар айында жалға берілген автотұрақ туралы ақпарат дау тудырды. Осы тұста келеңсіз жайттардың нүктесін қою үшін Orda.kz тілшісі “Қазақфильм” директоры Азамат Сатыбалдыдан жауап алды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Актер бес айдан бері “Қазақфильм” тізгінін ұстап келеді. Мансап жолын театрдан бастаған өнер иесі кино саласында да бой көрсетті. Оның ішінде Қасым-Жомарт Тоқаев рөлін ерекше атап өтуге болады. Содан соң Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясын басқарды.

Сатыбалды мән-жайды білуге келген тілшіні бірден автотұраққа апарып, жағдайды түсіндірді. Актердің айтуынша, ол заң бойынша орындарды жалға бере алады. Оның үстіне көпшіліктің талқысына түскен көліктер киностудия автотұрағының аумағында орналасқан.

“Менің ендігі міндетім - аман қалу. Біз Krisha.kz сайтында арнайы орынның жалға берілетіні туралы хабарландыру тараттық. Өйткені бірнеше орынды жалға бере аламыз. Маған дейін де солай болып келді. Заң бойынша жалға беруге толық құқығымыз бар. Мен киностудияны жалға бермеймін. Ал автотұрағымыз бос тұр. Сол себепті оны жалға беріп, 10 қызметкерімнің орнын сақтап қалғым келді”, - деп түсіндірді директор.


“Қазақфильмді” сақтап қалуға қанша қаражат қажет?” деген сұраққа Сатыбалды “қаншалықты көп болса, соншалықты жақсы” деп жауап берді. Бірақ нақты сомасын айтпады. Сонымен қатар Instagram желісінде көлікті неге жарнамалағаны туралы сұрақ та қойылды.

“Оған менің құқығым жоқ па? Кейбір адамдар осы жағдайға бар назарын аударғысы келді. Бұл қызметке кіріспес бұрын осы компаниямен достық қарым-қатынаста болдым. Бұл әлі күнге дейін жалғасын тауып келеді. Оларға көмектесіп тұрамын. Егер адам сауатты болса, ол одан еш жамандық көрмейді” - деп жауап берді.

Сатыбалды “Қазақфильм” жағдайын жақсартуды көздейді. Алайда оның алдында киностудияға басшылық еткен әріптестерінің ісі сәтсіз аяқталған. Себебі бүгінде киностудияның соңғы басшысы Ақан Сатаевтың («Рэкетир» және «Томирис» фильмдерінің режиссері) үстінен ұрлық бойынша және 400 миллион теңгенің жымқырылуына байланысты сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.


Киностудияның қазіргі директоры Orda.kz тілшісіне берген сұхбатында өзінен бұрын қызмет еткен әріптестерінің әрекеті мен шешімдерін талқыламайтынын жеткізді. Қазіргі таңда ол Мәдениет министрлігімен бірлесіп, “Қазақфильмнің” бес жылға арналған стратегиялық даму жоспарын дайындап жатыр. Құжат қаңтар айының соңында жарыққа шығатынын айтты. Сондықтан мәліметтерді бөлісуден бас тартты.

“Қазақфильмнің басты проблемасы – киностудияға мемлекет тарапынан тікелей қаржының бөлінбеуі. Біз фильмдер түсіруге және анимацияға барлық қаржыны Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығы (2019 жылы құрылған Ұлттық кинематографияны қолдау мемлекеттік орталығы – автордың ескертпесі) арқылы аламыз. Енді тікелей қаржы алу үшін заңға өзгертулер енгізгіміз келеді. Өйткені “Қазақфильм” ғылыми-зерттеу қызметімен айналысуы керек. Біз Қазақстанның киноиндустриясының “мұзжарғышы” болуымыз қажет. Қоғамға қандай тақырыптың өзекті болатынын және көрермендер қай жанрға жиі баратынын бақылауымыз қажет”, - деп сөзін жалғады Сатыбалды.


 

"Қазақфильм" суреті - egemen.kz сайтынан алынды. 

Коллаж: Dalanews.kz

https://dalanews.kz/sadak/97570-smayylovta-minez-zhoq-deputat-bapi

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар