Башар Асад жыл жемқоры атанды - OCCRP

Кәмшат Тілеухан 01 қаң. 2025 12:05 1510

Сыбайлас жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты тергейтін журналистердің ғаламдық желісі (OCCRP) Сирияның экс-президенті Башар Асадты 2024 жылдың бас жемқоры деп атады, деп жазады Dalanews.kz.

OCCRP журналистік тергеу ұйымының сайтында Сирияның экс-президенті Башар Асад каптагонды (есірткі түрі) өндіріп,оны жаппай таратудың басында болғанын жазады.  

"Асад бұдан түрмелерді баптап-ұстауға және оның авторитарлық режиміне қызмет көрсетуге жұмсалған миллиардтаған доллар тапқан", - дейді мақала авторлары.

Асад режимі Венесуэла, Солтүстік Корея және Ресеймен салыстырылады. Яғни, ұйымдасқан қылмыс пен жаппай сыбайлас жемқорлықты қолдаушы автократиялық үкімет үстемдік еткен елдердегідей. Мұндай типтегі мемлекет құрылымы орталықтандырылған бақылаудан, билікке наразылармен қатаң күрестен және қуатты қауіпсіздік аппаратынан тұрады.

"Асад 2000 жылы, әкесі қайтыс болғаннан кейін билікке келді. Саяси либеральды уәделер орнын авторитарлық билік басты. 2011 жылғы билікке қарсы Сириядағы "Араб көктемі" көтерілісі азаматтық соғысқа ұласып, Асадтың тақтан тайған - 2024 жылдың желтоқсанына дейін жалғасты. Оның күш құрылымдары адам құқықтарын жаппай бұзды, соның ішінде азаптау, кісі өлтіру, химиялық қару қолдану, азаматтарды жаппай қысымға ұшырату сынды айыптар да тағылады. Асад режимі каптагон өндірісі, адам саудасы, темекі контрабандасы, ежелгі заттарды ұрлау және қару-жарақ саудасы сияқты ұйымдасқан қылмыстың әртүрлі түрлерінен табыс таба отырып, бүкіл аймақта зорлық-зомбылық, есірткі және сыбайлас жемқорлықты өршітті", - дейді авторлар.

Айта кетсек, қараша айының соңынан бастап қарулы топтар Сирияның бірнеше ірі қалаларын басып алды, соның ішінде Дамаскіге де баса-көктеп кірді. Сегізінші желтоқсанда мемлекеттік теледидар эфирінде оппозиция өкілдері ел билігіне келгендерін мәлімдеді. Көп ұзамай Асадтың отбасымен бірге елден кеткені, Ресейді барып паналағаны белгілі болды.

Бұған дейін сайтымызда "Башар Асадтың Ресейге ұшақпен "тасып алған" екі тонна ақшасы туралы не белгілі" деген мақала жарияланған.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар