Құрылтай депутаттарын сайлау науқаны заң талаптарына толық сәйкес және тыныш жағдайда өткен. Бұл туралы Бас прокуратура мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ведомствоның хабарлауынша, прокуратура органдары сайлаудың барлық кезеңінде заңдылықтың сақталуына қадағалау жүргізген. Нәтижесінде сайлау комиссиялары тарапынан заң бұзушылықтар, бюллетеньдерді заңсыз беру, басқа адамның орнына дауыс беру немесе бюллетеньдерді жаппай тастау фактілері тіркелмеген.
Сайлау барысында барлығы 15 құқық бұзушылық анықталған. Оның үшеуі заңсыз сауалнама жүргізуге қатысты болса, 12-сі үгіт-насихат жүргізуге тыйым салынған кезеңде үгіт жұмыстарын ұйымдастыру фактілері болған.
Салыстырмалы түрде алғанда, 2023 жылғы сайлау кезінде әкімшілік құқық бұзушылықтардың сегіз құрамы бойынша 69 заң бұзушылық анықталған еді. Бас прокуратураға жалпы саны 12 өтініш түскен. Олардың барлығы партиялық тізімдерді тіркеу және сайлауалды үгіт мәселелеріне қатысты болған. Ал 2023 жылы мұндай өтініштердің саны 113-ке жеткен.
Сондай-ақ өткен сайлау науқанында кандидаттар сотқа 82 талап-арыз түсірсе, биыл кандидаттар тарапынан сотқа ешқандай шағым берілмеген. Бас прокуратура сайлау үдерісі толықтай құқықтық алаңда өткенін және заңдылықтың сақталуы қамтамасыз етілгенін атап өтті.