2005 жыл. ТВ-да журналиспін. "Алтын сақа" мен Сәуленің "Ақжүнісі" бір бөлмеде отырады. Ақжүніске келетін хатта есеп жоқ. Редакцияға күн сайын 100-ге жуық хат келеді. Сәуле оларды оқып үлгермейді. Кей кездері бірнеше қыз тәулік бойы ұйықтамай бума-бума хаттарды ашып оқып, мұқият сұрыптайды. Бір күні жұмысқа келсем үстелде іріктелген хаттар жатыр екен. Бәрі де жыртылып ашылған. Уақыт өткізу үшін кей хаттарды оқып отырмын. Көбі қайғысы мен мұңын айтып, Сәулеге соларды жарыққа шығарып, жан жарасының жеңілдеуіне жәрдем сұрайды. Бір кезде сұмдық хаттың үстінен түстім. Есімде қалған мазмұны былай.
«Құрметті Ақжүніс! Саламатсыз ба? Мен Түркістан қаласында университетте оқитын студент қызбын. (Ұмытпасам ол Отырар ауданының бір ауылынан келген) Мен бірінші курсты бітірген соң көрші ауылдың бір жігіті алып қашты. Ата-анам «тағдырың осы шығар» деп үйге қайтып әкелмеді. Сол үйде келін боп қалдым. Бірақ менің тозаққа бергісіз өмірім сол күннен басталды. Күйеуім дым көрмеген жабайы. Тәрбие көрмеген нағыз тұрпайғы тағы дерсің. Күндіз тамақ ішіп, түнімен секске мәжбүрлегеннен басқаны білмейді. Барынша бәріне көніп, жақсы келін атанғым келді. Шыдау мүмкін емес еді. Ол тек боқтап сөйлейтін. Көп ұзамай жөн-жосықсыз сабайтын болды. Оған да үйреніп қалғам. Бір күні болмашыға ашуланып тепкілеп тастады. Бұдан әрі шыдамадым. Ажырасып үйіме келдім. Оқуымды жалғастырдым. Жатахқанада тұрып жаттым. Көрікті қыз болғандықтан маған қырындайтын қазақ жігіттері көп еді.
Бірақ жүрегім бір рет шайлығып қалғандықтан ешбіріне көңіл білдірмедім. Күйеуге тиген соң бәрі де оңдырмай сабайтын сияқты көрінді. Жатақханада бір қытай жігіті тұрды. Есімі ...... (деп қытайша жігіттің атын толық жазған.) Көрші тұрған соң танысып араластым. Ол маған сондай ілтипатты еді. Менің көңілім не қалап тұрса соны жазбай танитын. Кей кездері бір іске үлгермей жатсам жәрдем қолын соза қоятын. Мереке, мейрамда түрлі сыйлықтар жасайды. Оған бауыр басып қалғаным сонша бір күн көрмесем сағынып іздейтін болдым. Осылайша оңаша отырып сырласатын да болдық. Ол ешқашан ашулануды білмейтін. Кейде өтірік өкпелеген боламын. Ол сол кезде менің көңілімді табу үшін бәріне баратын. Мұндай жылы жүректі нағыз жігітті өмірімде көрмеппін. Ақырында бір бөлмеде бірге қонатын болдық. Құшақтасып, аймаласып жаттық. Бір күні мен жыныстық қатынасқа берілдім. Онымен болған түнім қатты ұнады. Ол қазақ күйеуім сияқты жабайы жолмен жұлмаламайтын.
Мені барынша аялап отырып, рақатқа бататын. Өкінішке орай оның оқуы бітті де еліне кетті. Қазір оны сағынумен, аңсаумен күн кешіп жүрмін. Одан басқаға тұрмысқа шыққым келмейді. Қазақстанда келін боп қалудан қатты қорқамын. Құрметті, Сәуле апай! Сізден сұрайын дегенім мынау. Онымен қатынасқа барғанда оның жыныс мүшесінің мұсылмандар сияқты сүндеттелмегенін байқадым. Бізде ондай адамды кәпір демей ме, білуімше? Содан бері мені бір ой мазалайды. «Осы мен кәпір адаммен бірге болдым ба, сонда?» деген. Осының жауабын таппай миым дал болды. Сіз енді Алматыда көп оқымысты адаммен араласасыз. Солардан біліп жауабын жазып жіберіңізші» деп хат аяқталады.
Бұл хат емес, бомба болатын. Сол кезде-ақ бұл мәселеде басқалардан жеңілгенімізді іштей мойындағам. Енді қыздың хатына талдау жасайықшы. Әлбетте, бұл жерде қытай жігітінен рыцарь жасауға болмайды. (Бәлкім шынымен де рыцарь шығар) Ол қулықпен де солай жасады деуге де ақыңыз бар. Яғни жырақта жүргенде физиологиялық мұқтаждығын өтеу үшін қазақ қызымен барынша сыпайы араласып, жүрегін жаулап алды да, керегіне пайдаланды дей салайық. Ауылдан келген аңқау қыз соған түсіп қалды делік. Тіпті қыздың хатты банальный сұрақпен аяқтауына да мән бермей қоя салайық. Бірақ соның өзінде біздің жұрттағы ер азаматты тәрбиелеп өсіретін зиялы мектептің жоқтығы көрініп тұрған жоқ па?
«Ондай шіріген жұмыртқа бізге керек емес. Оларды елден аластау керек» демей тұра тұрыңыз. Әуелі шіріген жұмыртқаны анықтап алу керек. Бұлардың қайсысы шіріген жұмыртқа өзі? Үйленбестен еліне тайып тұрған қытай ма, жүрегін алдырып, қытайдың құшағына құлаған қазақ қызы ма, қыздай алған әйелін аяусыз тепкілеп үйінен бездірген біздің жігіт пе, әлде сол жабайы ұлды өсірген ата-ана ма? Егер әлеуметтік зерттеу жүргізсе, қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, аяусыз тепкінің астында қалып, амалсыз бақытсыз ғұмыр кешіп жатқан қазақ қыздарын мыңдап тұрып санауға болады. Олар осы азаптан құтылу үшін кез келген елге келін боп кетуге дайын.
Жалпы Қазақстанда ер мен әйелдің нәзік қатынасына қатысты сауат ашатын оқулық та жоқ. Мектепте бұл жабық тема. Ал, ВУЗ-да білгеніңді қыл. Негізі бұл мәселені шешумен ҮКІМЕТ те айналысуы керек. Қалың жұрттың сауатын ашатын арнайы бағдарламалар, зерттеулер болу керек еді. Қоғамның қай тұсы ақсай бастады, соған орай дереу жөндеу жобалары қолға алынуы керек. Егер «Мұндай мәселені ата-ана ғана шешеді. Бұл отбасының ішкі проблемасы» десек үкіметтің, білім саласының не керегі бар? Мәдениет министрлігі халықтың мәдени сапасын күшейту үшін құрылған шығар? Бұл проблеманы шешуде ТВ арналар өте қатты ықпал етеді. Бірақ біздегі ТВ арналар сайқымазақ шоулармен толып кетті. Бұл мағынасыз шоулар шаруасы бітуге айналған қазақ жастарын соңына дейін тұрмастай етіп рухани тұрғыда ұрып өлтіруге кіріскендей көрінеді.
Кей кездері Батыста осы мәселеге орай тұрақты түрде шығып тұратын ғылыми еңбектерді көргенде ішім удай ашиды. Олар «Не істесе сүйіп қосылған екі адамның махаббаты ұзақ сақталады?» деген теманы зерттеуден бір шаршамайды ғой. Бір ғана Гэрри Чэпменнің «Махаббаттың бес тілі» атты еңбегі неге тұрады?! Аз жылда әлемнің 36 тіліне аударылып, миллиондап сатылып жатыр. Ресей оны дереу орыс тіліне аударды. Қазір ағылшын тіліне жетік қазақ жастары өте көп. Болашақпен АҚШ пен Англияға нешесі кетіп жатыр. Солар осы істі қолға алса ғой деп армандап кетем. Яғни ұлттың сапасын көтеретін еңбектерді аударуға немесе соларға қарап қазақшасын жасап алуға болады.
Осыдан үш жыл бұрын шетелге үш айға оқуға барғам. Бір күні «Пәленше деген АҚШ ғалымы отбасылық өмір туралы ғылыми еңбегін таныстырады. Қатысам дегенге есік ашық» деген хабарландыруды көзім шалды. Кешке презентацияға бардым. Кітаптың аты ұмытпасам «50+50». Ер мен әйел отбасы міндетін теңдей етіп бөліп алсын дегені ғой.
Шара басталды. 45-тер шамасындағы қара нәсілді әйел адам аузы аузына жұқпай бір жарым сағат лекция оқыды. Отбасындағы бүкіл мәселені ер мен әйел теңдей етіп бөліп алғанда семьяның қалай гүлдеп, қалай өркендейтіні туралы неше түрлі дәлелін айтып жатыр. Бір кезде аудитория сұрақты жаңбырша жаудырды. Анау бәрін сатырлатып шағып тұр. Үйдегі майда-шүйде, ұсақ-түйек шаруаны да екі жақ бөліп алып, теңдей атқарғанда бала-шағаның да оқуда озат болуына оңынан ықпал етеді деп неше түрлі графиктер көрсетті. Ғалым әйел АҚШ-ты ғана емес, әлемнің бірнеше елдерін аралап, мыңдаған шаңырақты сүзіп шыққан. Олардың бала-шағасының мектептегі табельдеріне дейін суретке түсіріп алыпты.
Лекцияның соңында бір қыз «Зерттеуді қатырыпсыз. Өзіңіздің отбасыңыз бар ма? Күйеуіңізге, бала шағаңызға көңіліңіз тола ма?» деді. Бұл сұрақ қойылғанда автордың көзі жайнап шыға келді. Бақытты күйеуі мен оқуда озат екі (бәлкім үшеу, анығы есімде жоқ) ұлын айтып біраз мақтанып та алды. Презентация біткен соң елдің бәрі кітапты таласа тармаса сатып алып жатты.
1989 жылы Ақмолада тұратын әпкем мен жездеме бөлем екеуміз қыдырып барғанбыз. Ол кезде 15-тегі бозбаламыз. Бір күні түсте әпкем бөлем екеумізге келді де:
- Түскі асқа борщ пісірем. Мына капустаны тураңдар, - деді. Біз:
- Өй, капуста турауды білмейміз. Ұлдар тамақ істемейді ғой, - дедік.
Әпкем шарт ете қалды:
- Осы не сөз? Жастарың 15-тен асты, әліге дейін капуста турай алмайсыңдар. Ертең қатын алсаңдар он жылда күң қылатын шығарсыңдар? Қашан сендер әйелдің жұмысын бөлісуді үйренесіңдер?
- Біз әйел емеспіз ғой. Тамақты әйелдер пісіреді. Келіншекті не үшін аламыз? – дейміз біз өзеуреп.
- Міне адам осылай надан болады! Сендер күң емес, келіншек аласыңдар. Ана үлкен ағаларыңнен неге үлгі алмайсыңдар? Дәркен жеңгелерің не істесе де, білдей врач ағаларың дереу көмек қолын созып тұрады. Соның арқасында жеңгелерің қашан көрсең жайнап жүреді. Мына түрлеріңмен сендердің қатындарың 40-қа жетпей кемпір болады,-деп бірталай нәрсе айтып тастады.
Қазір қарап отырсам адам деген осылай қалыптасады екен ау.
Осыдан екі ай бұрын бір кластасым сүндет той деп шашылды. Жол түсіп тойына бардым. Жора-жолдастармен бір үстелде отырмыз. Арақ ағыл-тегіл. Бірақ жігіттердің ешқайсысы арақ ішіп отырған жоқ. Себебі бәрі инвалид болған. Ескерсеңіз, жастары 42-43-те. Бәрінің денсаулығы тынған. Түрден түр қалмаған. Ішімнен «осыған да шүкір. Арақты қойыпты қайта» деп сүйсініп отырмын. Бірақ мұндай көңіл-күй ұзаққа созылмады. Себебі арақ ішіп, мас болып билеуге енді әйелдері көшіпті. Келіншектері арақты сіміріп отыр. Екі беттері қып-қызыл. Жырқылдап жөн-жосықсыз күле береді. Біраз қызып алған соң келіншектер басқалармен соғыстырып ішеміз деді де көрші үстелдерді теңселе басып аралап кетті. Әр танысына бір барып «менімен соғыстырып ішпейсің бе?» деп тықылдап тұрып алады. Аналар соғыстырып қағып салады. Тойда атасы, енесі, әкесі, шешесі бәрі араласып бірге билеп жүр. Кім кінәлі екенін ұқпайсың. Әйелдерінде тойдан басқа қызық қалмаған. Мағынасыз қарабайыр тұрмыстан бір сәтке болсын құтылып, ішіндегі парын шығаратын жалғыз құтқарушы мекені – ТОЙХАНА болып қалған. Назар аударыңыз! Бұл оқиға қаймағы бұзылмаған қалың қазақтың өңірі саналатын менің ауылымда болып жатыр. Енді осындай аянышты хәлде отырып немен күресуге болады? Кімге барып ақыл айтасың? Қалаға барып көзі ашылып, бой жетіп, әбден пісіп жетілген қазақ қыздары да табиғаттың талабымен тұрмысқа шыққысы келеді. Табылса, әрине елдегі бақытына қосылғысы келеді. Бірақ олар табылмай тұр ғой. Бала туып ана болғысы келетін инстинкт іштен бәрін бұрап жатыр. Іштен шығатын осыншама тегеурінді қуатты құр қарғыспен яки болмаса жалаң ұранмен тоқтатып қою мүмкін бе өзі? Үкіметтен қайран жоғын білген соң амал жоқ әркім өзіне және өзінің баласына бекем болсын дегенге қайта айналып келеміз. Бірақ ол амал теңін таппай теңселіп жүрген қалың қазақ қыздарын құтқара ала ма?
P.S: Кеше кешке келіншегім асүйдегі тау боп үйіліп жатқан ыдыс-аяқты көрсетті де «мыналарды фэйримен жуып бересің бе? Мен үлгере алмай жатырмын. Балалардың сабағын қарап, сосын мектепке киетін киімдерін үтіктеуім керек. Одан кейін үйді жинап алмасам шашылып кетті... Оның үстіне химия тисе қолымның терісі жарылып кетеді» деді. Мен сасқам жоқ. 50+50 дедім де бүкіл ыдысты 20 минутта шоколад қылып шайып бердім. Жарқырап, жайнап тұрған ыдысаяқты көрген кезде келіншегім маған қайтадан ғашық боп қалды. Осылайша 22 жастағы романтикаға қайта оралдық. Ал сендер болсаңдар асүйдегі ыдыс-аяқтан қашасыңдар, жігіттер!!! Қартайғанда романтика асүйден басталады...
Санжар Керімбайдың фейсбуктағы парақшасынан алынды