Nege.kz тілшісі Болат Бақауовтың ісіне қатысты зерттеу жүргізіп, "тергеу құпиясына" жатпайтын бірқатар жайтты анықтады, деп хабарлайды dalanews.kz
Эксклюзив материалда бұған дейін жарияланбаған деректер келтірілген. Мәселен, Бақауовпен бірге Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің үстінен қылмыстық іс қозғалғаны айтылады. Сол секілді онда Павлодар әкімінің үстінен арызданған адамның аты-жөні де, тіпті оның бір дөкейдің күйеубаласы екені де келтірілген.
Бұған дейін БАҚ беттерінде Павлодар облысының әкімі Болат Бақауовтың үстінен "лауазымды шенеунік" арыз жазғанын хабарланған.
Тілшіміз анықтағандай, Бақауовтың үстінен Павлодар облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы Бауыржан Айнабеков арыз жазған. Қылмыстық іс те осы арыздың негізінде қозғалған.
Бауыржан Айнабеков туралы не білеміз?
Ашық ақпарат көздеріндегі дерекке қарағанда, ол 1971 жылы туған. Ауыл шаруашылығы институтын экономист мамандығы бойынша бітірген. Екінші мамандығы – құқықтанушы. Әр жылдары Алматы облысының, Алматы қаласының салық басқармаларында түрлі қызмет атқарған. 2019 жылдың 8 мамырынан бері Павлодар облысының мемлекеттік кірістер департаменті басшысының міндетін атқарушы.
Дерекөздің мәліметінше, департамент басшысы міндетін атқарушы Бауыржан Айнабеков облыс әкімі Болат Бақауовқа өңірдегі жұмысы тексерілуге тиіс ірі компаниялардың тізімін алып кірген көрінеді.
Бақауов үшін бар бәле осы тұстан басталған сыңайлы. Ол Айнабековке "тиісуге болмайтындар" мен "шұқшия тексеруді қажет ететіндердің" тізімін көрсетіп берген де, тапсырма орындалмаған жағдайда өзіне қиын болатынын ескертіпті. "Ескерту" алған Айнабеков бірден ҰҚК-ге арық жазған. Міне, Бақауовтың "қызмет бабын асыра пайдаланған" жері осы болса керек...
Бұл істе әлі сөз бола қоймаған тағы бір түйткіл бар.
Әдетте мұндай іспен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі айналысатын. Ал енді Бақауовты неге Ұлттық қауіпсіздік комитеті ұстады?
Дереккөздің мәліметіне қарағанда, жуырда Болат Бақауовтың ісіне байланысты бұдан басқа да "жаңа деректер" пайда болып, тағы бірнеше бап бойынша қылмыстық іс жамалуы мүмкін. Өйткені, "тістеген жерінде тісі қалатын" ҰҚК мұндай іске бекерден-бекер кіріспейді.
Бақауовпен бірге Баянауыл ауданының бұрынғы әкімі Оразгелді Қайыргелдиновтің де үстінен қылмыстық іс қозғалғаны хабарланған. Алайда, Қайыргелдинов pavlodarnews.kz тілшісіне өзіне ешқандай айып тағылмағанын, аудан әкімі қызметінен кетуінің қылмыстық іске еш қатысы жоқ екенін мәлімдеді.
– Бюджет қаржысының ұрлануына байланысты маған ешқандай айып тағылған жоқ. Егер қандай да бір қылмыстық іс қозғалса, ол маған қатысты емес. Барлық жауапкершілікті мойныма ала отырып, БАҚ пен әлеуметтік желіде жазылып жатқанның бәрі өтірік екенін мәлімдеймін, – деді Қайыргелдинов.
Айтпақшы, Бақауовтың үстінен ҰҚК-ге арыз жазған Айнабековке қатысты әлеуметтік желіде тағы бір деректің басы қылтиды.
Telegramm каналында "Мудрый бажа" деген атпен тіркелген қолданушының жазуына қарағанда, Айнабеков әлдебір мықтының күйеубаласы көрінеді...