Банк секторы: Активтер өсімі бойынша Bank RBK алдына жан салмай келеді

Кәмшат Тілеухан 19 жел. 2024 13:17 581

Биылғы жылдың қараша айына қарай қазақстандық банктердің активтері 58,5 трлн теңгеге жетті, бұл бір ай бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 0,6%-ға көп. Көрсеткіштің жылдық өсімі 20,8%-ды құрады. Активтерді ұстаушы банктердің үздік ондығы арасында айлық динамика бойынша бес екінші деңгейдегі банк ғана оң көрсеткіш көрсетті, ал жалпы сектор бойынша тек тоғыз банк бар, деп жазады Dalanews.kz.

Ұлттық банк мәліметтеріне сүйене отырып, Ranking.kz бір айлық өсім бойынша Bank RBK көш бастап тұрғанын нақтылайды: өсім 3,8%-ға, 2,3 трлн теңгеге дейін артты. Бір жыл ішінде банк активтері бірден 28,1%-ға өсті, бұл сектор бойынша айтарлықтай үздік көрсеткіштердің бірі.

Ал қаржы институтының несие портфелі 1,3 трлн теңгеге жетті, бір айда 0,9%-ға, бір жылда 38%-ға ұлғайды. Банк кредиттерінің жалпы көлеміндегі NPL 90+ үлесі бар болғаны 3,1%-ды құрады, бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 3,3%-ға тең болатын.

Айта кетерлігі, осы күзде Moody’s халықаралық рейтингтік агенттігі Bank RBK-ның ұзақмерзімді депозиттік рейтингтерін "Тұрақты" болжаммен Ba3 деңгейінен Ba2 деңгейіне дейін, сондай-ақ кредиттік қабілеттіліктің негізгі бағасын (BCA) және түзетілген BCA-ны b1 деңгейінен ba3 деңгейіне дейін көтерді. Сонымен қатар агенттік банктің қысқамерзімді рейтингтерін де растады, активтер сапасы мен стратегиясының айтарлықтай әрі тұрақты түрде жақсаруына оң баға берді, банк ірі корпорацияларға кредит беру және тәуекелі төмен бөлшек сауда есебінен тәуекелі төмен модельді ұстанады.

Қазақстандағы үздік ЕДБ арасында активтердің ай сайынғы өсімі бойынша ІІ-орынға Kaspi Bank жайғасқан: өсім 3,3%-ға, 7,7 трлн теңгеге дейін артты. Осы кезеңде банктің несие портфелі 3,8%-ға көбейді, ал ондағы төлем мерзімі көп өтіп кеткен кредиттердің үлесі бір жыл бұрынғыдай 4,9%-ды құрады.

Үздік үштікті Банк ЦентрКредит түйіндейді: банк активтерінің қоржыны 2,7%-ға, 6,2 трлн теңгеге дейін толықты. Қаржы институтының кредиттік портфелі бір айда 1,7%-ға өсті, ал ондағы NPL 90+ үлес салмағы 1,5%-ды құрады.

"Сондай-ақ Halyk Bank (1,4% өсіммен) және Freedom Bank (1% өсіммен) бір айда оң нәтижеге қол жеткізді. Активтер бойынша үздік ондыққа енбейтін ЕДБ арасында Банк ВТБ Қазақстан, Қытай СӨБ, Нұрбанк және Home Credit Bank ай сайынғы көрсеткіштер бойынша оң динамика көрсетті. Бұл орайда ҚР ЕДБ-ның жиынтық несие портфелі қараша айына қарай 33,8 трлн теңгеге жетті, бұл бір ай бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 1,2%-ға және бір жыл бұрынғы көрсеткішке қарағанда, 20,4%-ға көп. Ал төлем мерзімі 90 күннен астам өтіп кеткен кредиттердің үлесі өткен жылдағыдай 3,3%-ды құрады", делінген талдауда.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар