ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басқармасы 2025 жылғы 26 ақпандағы қаулысымен Банк және микроқаржы ұйымдары активтері бойынша электрондық сауда алаңында сауда-саттық өткізу қағидаларына өзгерістер енгізді, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Жаңа өзгерістерге сәйкес, сауда-саттықты өткізу туралы хабарландыруда сауда-саттықты өткізу күні мен уақыты электрондық сауда алаңында орналастырылған күннен бастап кемінде күнтізбелік 10 күн бұрын көрсетілуі тиіс. Бұрын бұл мерзім 15 күнтізбелік күнді қамтыған.
Сауда-саттыққа қатысушылардың өтінімдерін тексеру нәтижелері бойынша сатушы операторға өтінімнің қабылданғаны немесе оператордың ішкі қағидаларына сәйкес өтінімді қабылдаудан бас тарту себептері туралы хабарлама жібереді.
Өтінімді қабылдаудан бас тартуға себептердің тізбесі кеңейтілді:
- сауда-саттық басталған сәтте оператордың банктік шотына сауда-саттық өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген кепілдік жарнаның түспеуі;
- сауда-саттыққа қатысушының Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабының 3-тармағына сәйкес келмеуі;
- "Акционерлік қоғамдар туралы" заңның 64-бабына және "Жауапкершілігі шектеулі және қосымша серіктестіктер туралы" заңның 12-1-бабына сәйкес әлеуетті сатып алушылардың бір-біріне қатысты үлестес болуы (жаңа негіз).
Резервтік бағаны қалыптастыруға қойылатын жаңа талаптар белгіленді.
Атап айтқанда, резервтік бағаны сатушы белгілейді, бірақ ол объектінің нарықтық құнының 100%-нан аспауы тиіс. Естеріңізге сала кетейік, бұрын құжатта 50% туралы айтылған болатын.
Сауда саттық өтпеген жағдайда кейінгі сауда-саттықтың резервтік бағасын сатушы мына деңгейде белгілей алады:
- екінші сауда-саттықта объектінің нарықтық құнының 70%-дан асырмау;
- содан кейінгі сауда-саттықта объектінің нарықтық құнының 50%-нан асырмау.
Өткізілмеген сауда-саттық туралы акт электрондық сауда алаңында толтырылады. Осыдан кейін оператор "сауда-саттық өткізілмеген" мәртебесі бар сауда-саттық нәтижелері туралы мәліметтерді жариялайды және өткізілмеген сауда-саттық туралы актіні сатушыға жібереді. Бұған дейін оператор сауда-саттық нәтижелері туралы хаттаманы сауда-саттыққа қатысушыларға ғана жолдауы керек болатын.
Тікелей атаулы сауда электрондық сауда алаңында мынандай жағдайда жүргізіледі: өткізілмеген сауда-саттық туралы үш немесе одан да көп актілер негізінде Мемлекеттік реттеу туралы заңның 15-18-бабы 1-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көрсетілген объектілерге қатысты.
Естеріңізге сала кетейік, бұл арада:
- банктің, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымның, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын банктің еншілес ұйымының мүліктері;
- бұрын микроқаржы ұйымына өндіріп алу нәтижесінде микроқаржы ұйымының меншігіне өткен шағын несие беру туралы шарт бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету болып табылған микроқаржы ұйымының кепіл мүлкі туралы сөз болып отыр.
Сауда-саттық өткізілмеген деп танылған жағдайда, кейінгі сауда-саттық өткізілмеген сауда-саттық туралы бірінші актіге қол қойылған күннен бастап кемінде күнтізбелік 15 күн өткен соң өткізіледі. Бұрын бұл мерзім 30 күнтізбелік күнді қамтыған.
Жоғарыда жазған объектілерге қатысты тікелей атаулы сауда жүргізілген жағдайда, объектінің бағасы соңғы өткізілмеген сауда-саттықта белгіленген резервтік бағадан төмен емес деңгейде белгіленеді.
ҚР ҚНРДА бұл өзгерістер банктер мен микроқаржы ұйымдарының стресстік активтерін сату процесін жетілдіру мақсатында енгізіліп жатқанын нақтылайды.
Қаулы 2025 жылғы 11 наурыздан бастап қолданысқа енгізіледі.