Freedom Inside '26

Тұрсын Алагөзовтің ұлы әкесімен 8 жылдан кейін қалай қайта қауышқанын айтты

Тұрсын Алагөзовтің ұлы әкесімен 8 жылдан кейін қалай қайта қауышқанын айтты
Dalanews.kz коллажы

Белгілі кәсіпкер Тұрсын Алагөзовтің ұлы Арсен Алагөзов журналист Динара Сәтжанға сұхбат беріп, әкесімен қарым-қатынасы, ұзақ жылдарға созылған реніші және қазіргі қызметі туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Арсеннің сөзінше, ол әкесімен арадағы сегіз жылдық үзілістен кейін алғаш рет 2024 жылғы 17 сәуірде кездескен. Ол бұл кездесуде әкесінің қаржылық мүмкіндігіне немесе ықпалына емес, әкелік жылуды қайта сезінуге мұқтаж болғанын жеткізді.

"Мен бірден айттым: сенің қаржылай мүмкіндіктерің де, билігің де керек емес. Сегіз жылда "әкем бар" деген сезімнен айырылып қалдым, соны қайта сезінгім келді. Бұл адамның өзіне деген сеніміне де әсер етеді екен. Әкеммен қайта байланысуыма мүмкіндік берген бауырым Әминаға алғыс айтқым келеді", – деді Арсен Алагөзов.

Ол сегіз жыл бойы Канадада тұрған, кейін Мәскеуде консалтинг агенттігінде жұмыс істеген. Әкесімен қайта табысқаннан кейін Тұрсын Алагөзов оған Шымкенттегі сыра зауытын басқаруды ұсынған.

Арсеннің айтуынша, анасы, Тұрсын Алагөзовтің бұрынғы әйелі Ләйсара Маратова бұл шешімге қуанып, ұлына қолдау білдірген.

"Анам қуанды, бірден "сенің қолыңнан келеді" деп қолдау көрсетті. Анамның мен үшін әр түн сайын дұға ететінін білемін, оны күн сайын сеземін", – деді ол.

Қазір Арсен Алагөзов Шымкент сыра зауытының директоры қызметін атқарады. Ал Тұрсын Алагөзов кәсіпорынның қаржы, өндіріс және логистика бағыттарын бақылап отыр.

Айта кетейік, 2024 жылдың ақпанында кәсіпкер Тұрсын Алагөзов аталған зауытты Тимур Жаңабаевтан 8 млрд теңгеге сатып алған. Содан бері кәсіпорынға 40 млн доллар көлемінде инвестиция құйылған. Оның шамамен 15 млн доллары жаңа өндірістік ғимараттар, қоймалар, жабдықтар және коммуникация инфрақұрылымына жұмсалған.