Балуандар? Олар менің тапсырмамды орындамады – Бақтияр Байсейітов

Dalanews 02 там. 2021 04:24 732

Токио Олимпиадасында грек-рим күресінен Қазақстан сапынан кілемге шыққан қос балуан да алғашқы айналымнан өте алмады.

Ұлттық құраманың бас бапкері Бақтияр Байсейітов шәкірттерінің жеңілісін жаттықтырушылардың тапсырмасын орындамағанымен түсіндірді, деп хабарлайды Dalanews.kz Olympic.kz порталына сілтеме жасап.

"Кеше Мейрамбек Айнағұлов жаттықтырушылар тапсырмасын орындамады. Біз қатаң ескертіп, тыйым салған әдіс-тәсілді кілемге шыққан сәтте-ақ істеп, өз қатесінің кесірінен қарсыласына жол берді. Бізге ыңғайлы болатындай күрес стилін түсіндіріп, оған жеткізгенімізбен, біздің тапсырмамызды кілемге шыққанда орындаған жоқ”, –  дейді бас бапкер Бақтияр Байсейітов.

Бұған қоса, ол Демеу Жадыраевтың жеңілісі туралы пікір білдірді.

“Бүгін Демеу Жадыраев белдесуді ұпай санымен жеңіп тұрған болатын. Белдесудің соңғы сәтінде қарсыласына есе жіберді. 30 секундтық үзіліс болған кезде бәрін түсіндіріп, белдесуді соңына дейін бермей, бақылауға алу керегін айттық. Демеудің дәл осылай соңғы сәтте әдіске түсіп, қарсыласына ұпай сыйлағанын біз де түсіне алмадық. Ертең Нұрсұлтан Тұрсынов белдеседі. Күрестің қандай болатынын кілем көрсетеді", – дейді бас бапкер.

Айта кетейік, грек-рим күресінен Олимпиада ойындарына Қазақстан үш жолдама жеңіп алған.

Токио Олимпиадасына 60 келіде Мейрамбек Айнағұлов, 77 келіде Демеу Жадыраев қатысып, алғашқы айналымда жеңіліс тапты. Ертең, 3 тамыз күні 87 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Нұрсұлтан Тұрсынов күресетін болады.

Бұған дейін балуан Демеу Жадыраев алғашқы айналымда қарсыласына жол бергенін жазғанбыз.

Ерлер арасында 77 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде сынға түскен отандасымыз жапониялық Якибу Сохейге жол берді. Тартысты белдесу 5:3 есебімен жапониялық балуанның еншісіне шешілді.




Жапон балуаны ақтық сынға шыққан жағдайда Демеу Жадыраев жұбаныш белдесуінде күресуге мүмкіндік алады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар