Балқаш көліне апарар жол қайта жаңғыртудан кейін ашылды

Ақтоты Жапатова 17 мау. 2025 16:45

Жетісу облысында Балқаш көліне дейінгі жол қайта жаңғыртудан кейін көлік қозғалысы үшін ашылды,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Балқаш көлі – Жетісу өңірінің туристік әлеуетін танытатын нысанның бірі. Еске салсақ, Балқаш көліне көлікпен бару жағдайын жақсарту үшін көлге апаратын жол екі учаскеге бөлініп, жаңғырту жұмысы жүргізілді.

Атап айтқанда, ұзындығы 27 км «Лепсі – Балқаш көлі» жолы өткен жылы пайдалануға берілді. «Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай» автожолының 35 - 110 шақырымы бұған дейін жоспарланғанындай, жуырда жол асфальттың төменгі жабынымен көлік қозғалысы үшін ашылды.

- Қазір 40 км жолда асфальттың беткі қабатын төсеу жұмыстары қалды. Одан кейін абаттандыру жұмыстары атқарылады. Жол бойында 4 демалыс алаңы орнатылған, онда аялдама, санитарлық торап қарастырылған. Жол құрылысын жүргізген мердігер мекеме жол сапасына 5 жылға дейін кепілдік береді.  Қандай да бір ескертпелер, ақаулар шығып жатса, өз күшімен ретке келтіреді. Қазір жол құрылысына 65 техника, жүзден астам адам тартылған. Аталған жолды толық пайдалануға беру 2026 жылға жоспарланған, - дейді Жетісу облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Ғалымжан Дәрібаев.

Жол қатынасына қатысты тағы бір айта кетерлігі, жыл соңына дейін Лепсі ауылында заманауи жаңа темір жол вокзалын салу межеленген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар