Ақтаулық кәсіпкер балаларға тегін балмұздақ пен йогурт таратамын деп әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды dalanews.kz Аlmaty.tv-ға сілтеп.
Қала әкімдігі мәліметінше, оқиға 1 тамызда 14-шағынауданда орналасқан кәсіпкерлік нысандардың бірінде болған. Сауда орны ашылуына орай кәсіпкер балаларға тегін 50 балмұздақ пен 30 йогурт үлестірген.
"Алайда мұндай акцияны өткізер алдында жергілікті атқарушы органнан тиісті рұқсат алуы қажет", - дейді қала әкімдігі өкілдері.
Осы талап сақталмағандықтан, кәсіпкерге Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекс талаптарына сәйкес 20 айлық есептік көрсеткіш (86 500 теңге) көлемінде айыппұл салынды.
"Осындай іс-шараларды өткізер алдында жергілікті атқарушы органның тиісті рұқсатын алу қажет. Сондай-ақ, балаларды қуанту үшін қауіпсіз әрі заңды тәсілдерді қарастырған жөн. Өйткені мұндай акциялар кезінде адамдардың жаппай жиналуы түрлі қолайсыз жағдайға себеп болуы мүмкін", - деп мәлімдеді қала әкімдігі өкілдері.