Балаларды суицидке итермелеген 15 мың сайт бұғатталды - Бас прокурор

Көркем Алдабергенова 01 қаз. 2024 14:24 945

Бас прокурор Берік Асылов кейінгі кездері Қазақстанда жиілеп кеткен суицид мәселесіне қатысты пікір білдірді, – деп хабарлайды Dalanews.kz

"Балалардың өзіне-өзі қол жұмсау толқыны қоғамда резонанс тудырды. Прокурорларға әр дерек бойынша тергеуді ерекше бақылауды тапсырдым. Әлеуметтік желілер балалардың суицид белсенділігіне әсер ететіндіктен прокурорлар 15 мың зиян сайт пен сілтемені бұғаттады", – деді Асылов Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында.

Бас прокурор тиісті органдар қиын тұрмыстық жағдайдағы отбасылармен жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.

"Мемлекеттік органдармен суицидтің алдын алу бойынша шұғыл шаралар кешенін әзірлейміз" – деді ол.

Еске салайық, 16 қыркүйекте Алматыда екі бірдей оқушы жоғары қабаттан секіріп кеткен болатын. Салдарынан екеуі де мерт болды. Олардың бірі "ешкімге масыл болғым келмейді" деп әлдекімге хат жіберген. 

Жаға ұстатарлық жайт Жамбыл көшесі мен Сейфуллин даңғылының қиылысындағы 9 қабатты баспанада болды. Үйіне қайтып келе жатқан алматылық тұрғын Галина Васильева ауласының маңынан полиция қызметкерлерін көріп, жақындай бергенде жерден оқушы қыздардың мәйітін көріп есеңгіреп қалған.

– Мен емханада болғам. Келсем, полицейлер жүр. Екі қыздың денесін көрдім. Олардың биіктен құлап, өздеріне қол жұмсағанын естідім. Менің білуімше, олар алдымен, тамырын кеспек болған. Алайда қолдарынан келмеген соң, секірген секілді. Сөмкелері толған қорқынышты заттар, сұмдық-ай! Мына шатырға баратын баспалдақ үнемі ашық тұрады, – деді куәгер Галина Васильева.

Тұрғындар қайғылы жағдайдан кейін полицейлермен бірге жүріп, үй кіреберісінде темекі қалдықтарын байқаған. Одан соң шатырға шығып, оқушы қыздардың сөмкелері мен жеке заттарын көріп шошыған. Себебі дорбалардың ішінде қанға оранған майлық, дәрілік препараттар мен қауіпті өткір заттар болған. Сондай-ақ оқушының бірі ұялы телефонынан бейтаныс адамға күмәнді хабарлама жіберген.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар