Балаларды құлдықта ұстаған: Жамбыл облысында арнайы жұмыс тобы құрылды

Кәмшат Тілеухан 11 там. 2025 09:54

Талас ауданында екі баланың еңбек құлдығына жегілуі бойынша Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеевтің тапсырмасымен арнайы жұмыс тобы құрылды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Облыс әкімінің орынбасары жетекшілік ететін жұмыс тобы мәселені толық анықтау, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау бойынша зерделеу және тексеру жұмыстарын жүргізетін болады. Зерделеу нәтижесіне сәйкес қосымша ақпарат жолданады. Қазіргі таңда тиісті құзырлы органдармен бірлесіп жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты шаралар қолға алынды", делінген облыс әкімдігінің хабарламасында.

Көтерілген мәселеге сәйкес осы секілді келеңсіз жағдайлардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта өңірдегі өзге де білім мекемелері жан-жақты зерделенетіні де нақтыланады.

Айта кетсек, аталған мәселе әлеуметтік желіде пайда болған видеодан кейін қоғамдық резонансқа ие болды. Видеода баланың үлкені өгей әкесінің қолына келгелі еңбек құлдығында жүргенін, мал бағатындарын, үнемі соққыға жығылатындарын, тойып тамақ ішпейтіндерін, туған әкесіне барғысы келетінін, ал анасы өздеріне қорған бола алмайтынын айтады. Сөз соңында ол өздеріне сырттан көмек болмаса, біреуі ақыры өліп тынатынын жеткізеді. Аш-жалаңаш баланың денесінің сау-тамтығы жоқ. Ұрған, соққаннан қалған жараларды да ол видеода көрсетеді. 

2025 жылы 9 тамызда Жамбыл облысы Талас ауданында екі кәмелетке толмаған баланы құлдықта ұстаған күдікті ұсталды. Полиция ұрып-соғу фактісі бойынша істі тергеп жатыр. Ал балалар қазір арнайы сауықтыру орталығына орналастырылды. Оларға медициналық және психологиялық көмек көрсетіліп жатыр.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар