Жамбыл облысында балаларды құлдықта ұстап, мал баққызған

Ақтоты Жапатова 08 там. 2025 16:58

Әлеуметтік желіде Жамбыл облысында екі баланың құлдықта жүргені жайлы видео тарады,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Кадрларда балалардың жүдеу күйі, денелеріндегі көгерген және жарақат іздері көрінеді.

Видеодағы балалардың айтуынша, олар бес жылдан бері зорлық-зомбылық көріп келеді. Олардың телефондарын тартып алған және күндіз-түні қой баққызған.

“Қой азайып қалса бізден көреді, сол үшін таяқ жейміз. Денем жараға толы. Туған әкемнің қолына барғым келеді”, – дейді олардың бірі.

Сондай-ақ балалар әр өткен көліктен сағат сұрап, аштық көргенін, кейде қайыр сұрауға мәжбүр болғанын айтты.

“Анам сөйлегісі келеді, бірақ өзі қорқады. Бізге көмектесіңіздерші, алып кетіңіздерші, өтінемін”, – деп жылады бала.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға Талас ауданындағы Қаратау қаласының маңында болған.

Балалар құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева мәлімдеме жасап, олардың тұрған жері анықталғанын хабарлады.

“Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Аймақтық уәкіл Даурен Бақжанов барлық мән-жайды анықтау үшін балаларға бара жатыр”, – деді ол.

Полицияның дерегінше, балалардың жағдайына қатысты тергеу басталды. Оқиғаға қатысы бар адамдардың әрекетіне құқықтық баға берілетін болады.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар