Балалар неге зорлық-зомбылық туралы айтпайды? Судья ересектердің басты қателігін айтты

Балалар неге зорлық-зомбылық туралы айтпайды? Судья ересектердің басты қателігін айтты
Фото: ЖИ

Неліктен зорлық көрген балалардың көбі үнсіз қалады? Ересектер қандай белгілерді байқамай жүр? Судья, Qazaq Expert Club заң мәселелері жөніндегі сарапшысы Динара Құйқабаева балаларға қарсы жасалатын жыныстық сипаттағы қылмыстардың себептері мен олардың алдын алуда ересектердің жауапкершілігі туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының мәліметінше, кейінгі үш жылда елімізде кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғылмаушылығына қарсы 2,5 мыңнан астам қылмыс тіркелген. Оның ішінде 2023 жылы – 876, 2024 жылы да дәл осынша қылмыс тіркелген. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 9,6 пайыз төмендеп, 790 жағдайды құраған.

Алайда судья Құйқабаеваның айтуынша, ресми статистика құқық қорғау органдарына белгілі болған қылмыстарды ғана қамтиды.

Оның сөзінше, мұндай қылмыстардың едәуір бөлігін баланың ең жақын ортасындағы адамдар жасайды. Көп жағдайда мұндай оқиғалар бала өзін қауіпсіз сезінуі тиіс өз үйінде болып жатады.

“Қоғам балалардың қауіпсіздігі туралы сөз қозғағанда, көбіне: “Бала неге үндемеді?” деген сұрақ қояды. Меніңше, бұдан да маңызды сұрақ бар. Ол – “Неге ересектер мұны байқамады?” деген сауал.

Біз балаларға бейтаныс адамдармен сөйлеспеуді, көшеде сақ болуды, бөгденің көлігіне отырмауды үйретеміз. Мұның бәрі, әрине, өте маңызды. Бірақ сот тәжірибесі көрсеткендей, қауіп әрдайым сырттан келмейді”, – дейді Динара Құйқабаева.

Көп жылдық судьялық тәжірибесінде ол мұндай істерде соттың оқиғаның соңғы кезеңіне ғана куә болатынын түсінген.

Өйткені іс сотқа жеткенде қылмыс әлдеқашан жасалып қояды. Бала ауыр психологиялық соққыны бастан өткереді. Ал ересектердің көкейінде “Мұның алдын алуға болар ма еді?” бір ғана сұрақ қалады.

Судьяның айтуынша, көптеген жағдайда бұл сұрақтың жауабы – “иә”.

Балалар бастан өткерген жағдайын көбіне ашық айтып бере алмайды. Өйткені қорқыныш, ұят немесе кінә сезімін сөзбен жеткізу оларға оңай емес. Бірақ олар мұны көбіне мінез-құлқы арқылы білдіреді.

“Бала тұйықталып кетеді, ұйқысы бұзылады, белгілі бір адамнан қашқақтай бастайды немесе бұрын өзін еркін сезінген жерге барудан аяқ астынан бас тартады. Әрине, мұндай өзгерістердің бәрі бірдей қылмыстың белгісі емес. Бірақ кез келген жағдайда бұл – ересектердің ерекше қырағылық танытуы қажет екенін білдіретін дабыл. Кейде дәл осылай бала көмек сұрауға тырысады”, – дейді сарапшы.

Динара Құйқабаева судья болып еңбек еткен жылдары бір сұраққа қайта-қайта оралатынын айтады. Ол – оқиғаның өрбуін не өзгерте алар еді?

Оның пікірінше, мұның жауабы көбіне күрделі құқықтық тетіктерге байланысты емес.

“Көп жағдайда біреудің балаға мұқият назар аударуы, оның сөзін елеусіз қалдырмауы, мінез-құлқындағы өзгерістерге бейжай қарамауы немесе жай ғана араласуға батылы жетуі жеткілікті болар еді”, – дейді судья.

Сарапшының айтуынша, мемлекет кәмелетке толмағандарды қорғау бағытындағы шараларды кезең-кезеңімен күшейтіп, заңнаманы жетілдіріп, балаларға қарсы жасалатын қылмыстар үшін жауапкершілікті қатаңдатып келеді. Алайда заңның мүмкіндігі шексіз емес.

“Бір нәрсені түсіну маңызды. Заң қылмыс жасалғаннан кейін ғана іске қосылады. Ал баланы шынайы қорғау әлдеқайда ертерек басталуы тиіс. Ол – отбасында, мектепте, балабақшада, спорт секциясында, дәрігердің қабылдауында. Қысқасы, баланың жанында оның бойындағы алаңдатарлық белгілерді байқай алатын кез келген ересек адамның қасында басталады”, – дейді ол.

Судьяның пікірінше, ең күрделі мәселелердің бірі – жақындарының үнсіз қалуы.

Қоғамда көп жағдайда “Неліктен анасы бірден полицияға жүгінбейді?” деген сұрақ қойылады.

Бұған түрлі себеп болуы мүмкін. Атап айтқанда, қорқыныш, қаржылай тәуелділік, туыстардың қысымы, отбасын сақтап қалуға деген үміт немесе көмек алатынына сенбеу.

Алайда ересектер күмәнданып жүрген уақытта бала қауіп-қатердің ортасында өмір сүруін жалғастыра береді.

Бұл мәселені ресми статистика да растайды.

2024 жылдың өзінде ғана балаларды тәрбиелеу және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін 99 мыңға жуық ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Ал 2025 жылдың алғашқы тоқсанында кәмелетке толмағандардың құқықтарына қол сұғуға байланысты 7 мыңнан астам әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген. Олардың басым бөлігі ата-аналардың немесе заңды өкілдердің балаларды тәрбиелеу мен қорғау жөніндегі міндеттерін орындамауына қатысты болған.

Динара Құйқабаеваның айтуынша, бұл көрсеткіштер балаларды қорғау ісіндегі ең өзекті мәселелердің бірі – ересектердің жауапкершілігі екенін көрсетеді.

Сонымен қатар судьяның айтуынша, ата-аналар ойлағаннан да көп нәрсе істей алады.

“Бұл үшін арнайы заңгерлік білімнің болуы міндетті емес. Ең бастысы – баланың жеке шекарасын құрметтеу, оның ішкі қарсылығын тудыратын әрекеттерге мәжбүрлемеу, қауіпсіздік туралы сабырмен сөйлесу, мінез-құлқындағы кез келген өзгеріске мұқият қарау және ең маңыздысы – үйде сенімге негізделген орта қалыптастыру.

Бала қиын жағдайға тап болғанда, өзіне сенетінін, ешкімнің айыптамайтынын және міндетті түрде қорғайтынын анық білуі керек”, – дейді судья.

Құйқабаева әділ сот қылмысқа құқықтық баға беріп, бұзылған құқықты қалпына келтіре алғанымен, баланың жоғалтқан қауіпсіздік сезімін қайтара алмайтынын атап өтті.

“Әрбір шығарылған үкім – зардап шеккен баланы қорғауға бағытталған шешім. Бірақ шын мәнінде баланы қорғаудың ең тиімді жолы – қылмыс жасалмай тұрып оның алдын алу.

Сондықтан бұл жерде ең маңызды міндет сотқа емес, баланың жанында жүрген ересектерге жүктеледі. Кейде дер кезінде қойылған бір ғана сұрақ бір адамның бүкіл өмірін өзгертіп жіберуі мүмкін”, – деп түйіндеді судья.