Балалар әдебиеті – тәрбиенің қайнар бұлағы

Dalanews 10 жел. 2017 08:16 1112

Қазіргі таңда балалар әдебиетіне қалам тербеп жүрген ақын-жазушылар кемде-кем. Иә, бірлі-жарым жазушылар балаларға арнап шығарма жазып та жүр. Бірақ олардың жазған дүниесі қазіргі замандағы балалардың дүние-танымымен үйлеспейтіні жасырын емес. Сондықтан балаларымыз орыс тіліндегі кітаптарды оқып, бөгде тілдегі мультфильмдерді көруге мәжбүр. Ал балаларды тәрбиелеуде әдебеиеттің алатын орны ерекше. Осы ретте өзінің жан қалауымен балалар әдебиетінде қалам тербеп, шығармаларын ағылшын, итальян, орыс тілдеріне аудартып жүрген Жан Амани балалар әдебеиетінде өз орнын айқындап келеді. Таяуда жазушы, психолог маман – Жан Амани ханыммен кездесіп, қазіргі балалар әдебиетінің жай күйі жайында сұхбаттасудың сәті түсті. Енді сол бір әсерлі әңгімеге құлақ түрсеңіздер.

 

 

– Жан Амани ханым, сіздің балалар әдебиетінде қалам тербеп, кітаптар шығарып, еліміздегі бүлдіршіндер қуаныш сыйлап жүрген жан екеніңізді білеміз. Балалар әдебиетіне арналған шығармалар жазуыңызға қандай жағдай түрткі болды?

– Иә, о баста балалар әдебиетінде қалам тербеген жазушы ретінде көпке танылмаған едім. Балаларға арнап шығарма жазу менің балаларыма деген махаббатым түрткі болды деп есептеймін. Мен үш баланың анасымын. Жастайымнан кітап оқуға құмар болдым. Осы жайттар менің қалам тербеуіме себепкер болды деп ойлаймын.

Жалпы алғанда менің балаларға арнап әңгіме, ертегілер жазып жүргеніме 10-15 жылдың жүзі болды. Алғашқыда жазған дүниелерімді жариялап, үлкен кітапқа айналдырам деген ой болмады. Кейін келе  бұл іс мені жандүниемді бауарап алған соң, кітап шығарудың маңызы зор екенін түсіндім. Осылайша "Даниалдың ғажайып әлемі" деген алғашқы кітап дүниеге келді. Кейбір кісілер "Бұл – кенже ұлыңыз Даниалға арнаған, отбасылық дүние ме?" деп сауал қоятын сәттері көп болды. Иә, алғашқы кітабымды ұлым Даниалға арнадым. Бірақ бұл отбасылық дүние емес. Бұл – еліміздегі барша бүлдіршіндерге арналған кітап. Өйткені, мен бұл кітапта тек қана Даниалдың іс-әрекетін ғана бейнелеген жоқпын. Ертегіні жазу барысында барлық балалардың қиял, армандарымен ұштастыруға тырыстым. Өзіңіз ойлаңызшы "Даниалдың ғажайып әлемі" деген ертегі де балақай үйіндегі тоңазытқыш арқылы ертегілер әлемені сапар шегеді. Дәл осындай арман, қиял кез келген баланың ойында болуы мүмкін ғой.



Туындым кітап болып шыққаннан кейін мектептер  мен балалар үйлерінде тұсау кесер рәсімдерін өткізіп, бүлдіршіндерге сыйға тарттым. Өз кезегінде мұғалімдер мен тәрбиешілер "Даниалдың ғажайып әлемі" кітабын қызыға оқығанын, шығарма баланы жандүниесіне жақын екенін айтып, жылы пікірлерін білдірді. Осыдан кейін көпшіліктің ой-пікірі де менің шабытымды оятып, балаларға арналған таға бірнеше шығармау жазуыма қуат берді.

– Қазіргі уақытта балаларға арнап қанша ертегі жаздыңыз?

– Күні бүгінге дейін төрт ертегі кітабым кітамқұмар бүлдіршіндерге жол тартты. Ойымда жүрген тағы да біраз дүниелерім бар. Соның бәрін қағазға түсіріп, кітап қылып шығаруға бар күш-жігірімді жұмсап жүрмін.

– Байқап отырмын, ертегілеріңізді тек қазақ, орыс тілдерінде ғана емес, сонымен қатар ағылшын, итальян, француз, араб, қытай тілдерінде шығарады екенсіз. Дүниежүзі балаларына арнап қалап тербеуді мақсат тұтасыз ба?

– Меніңше, жақсы шығармаларды оқуда тілдік барерь бүлдіршіндерге кедергі келтірмеуі керек деп есептеймін. Қазіргі таңда Астана, Алматы сынды ірі қалаларда көптеген ұлт өкілдері тұратынын өзіңіз де білесіз. Айталық, елімізге инвестиция салып жатқан ірі компаниялардың қызметкерлері елімізге отбасымен көшіп келіп, жұмыс істеп жатқаны көпшілікке мәлім. Олар балалары тәрбиелеуде қызықты кітаптар іздейтінін байқадым. Осыдан біршама уақыт бұрын Алматыдағы Хейлибери мектебіне барғанымда бір итальяндық тұлымшағы желбіреген шынашақтай қыз "Қызыл бәтіңкенің бастан кешендері" деген ертегімді итальян тілінде зуылдатып оқығанда қайран қалдым. Содан кейін ертегілерімді мүмкіндігінше көп тілге аудару керек екенін түсіндім.

Сонымен қатар мен өз шығармаларыма қазақы бою мен ұлттық реңк беруге тырысамын. Менің кітабымды оқып шыққан өзге елдің бүлдіршіндері Қазақстанмен танысуға мүмкіндік алады. Бүгінде шығармаларым арқылы кең байтақ Қазақстанымызды дүниежүзіне таныту да маңызды орынға шығып отыр десем болады.

Тағы да айта түссем, мен сырт елдерге жиі сапарға шығып тұрамын. Қай елде жүрсемде өз кітаптарымның таныстырымдарын ұйымдастырып, балаларға Қазақстан жайында мол мағұлмат беруге тырысып жүремін. Бірнеше тілде жарық көрген кітаптар сатуға да қолайлы.

– Сату демекші, еліміздегі кітап саудасына көңіліңіз тола ма?

– Бұл өте қиын сұрақ. Кітап саудасына менің көңілімнің толып, толмауы маңызды емес шығар. Иә, Қазақстанда кітап саудасына қатысты бірқатар қиындықтар бар. Бірақ қолына қалам алып, шығарма жазуға тас-түйін бекінген адамға кітап саудасының дамып, дамымағаны кедергі болмайды деп ойлаймын. Өз басым жазумен айналысқан адам бұл қиыншылықты еңсерудің жолын қарастырып, тығырықтан шығуды ойлауы керек. Егер біз әрекеттенбесек, өзге елден біреулер келіп, еліміздегі кітап саудасын жолға қойып бермейді ғой.

– Жан Амани ханым, сіз бірнеше кітап шығардыңыз. Құпия болмаса, кітап саудасын жүргізудегі өз іс-тәжрибеңізбен бөліссеңіз.

– Мұның ешқандай құпиясы жоқ. Өз басым балалар әдебиетінде қалам тербегендіктен  осы бағыт бойынша ойымды айтсам. Біріншіден, балалар арнап кітап шығарған соң, оны иллюстрациясына баса көңіл бөлген жөн. Кейбір әріптестеріміз балаларға арналған кітаптарына оқиға желісіне қатысы жоқ суреттерді салып шығара береді. Меніңше, бұл дұрыс емес. Кез келген бала өзі оқып отырған шығармасындағы кейіпкердің шынайы бейнесін кітап бетінен көргісі келеді. Егер шығарма желісі мен иллюстрациялық суреттер бір-бірмен үйлесім тапса, ол кез келген баланың қызығушылығын оятады. Иә, жекелеген суретші жалдап, кітап шығару үлкен шығынды қажет ететін дүние. Балар әдебиетінде қалам тербеп жүрген жазушылар осы жағына баса көңіл бөлуі керек деп есептеймін.

Менің бірнеше кітабымның сәтті шығып, бүлдіршіндердің қызығушылығын оятуға белгілі баспагер маман Анастасия Тәуекелқызы көп еңбек сіңіргенін атап айтуым керек. Меніңше, осы кісі сияқты білікті мамандардың жұмыс істеуіне мүмкіншілік жасауымыз қажет.

Тағы бір айта кететін мәселе, балаларға арналған кітапты иллюстрациялық көркемдеу кезінде кез келген суртшіні емес, кәсіби маманды тартқан жөн.

Кітап шығып болғаннан кейін оны тұсау кесер рәсімін өткізіп, көпшілік ортада кеңінен насихаттаудың да маңызы зор деп есептеймін. Қазір "алма піс, аузыма түс" деп жататын кез емес. Өз басым еліміздің қай жеріне барсам да, мектептерге бас сұғып, балаларға кітабымды сыйлап, олардың шығармаларымды қалай қабылдайтына өз көзімен көруге тырысамын. Қазіргі таңда еліміздегі бүлдіршіндер "Даниалдың ғажайып әлемі" ертегісінің екінші, үшінші жалғасын асыға күтіп отыр. Осының бәрі қажырлы еңбекті нәтижесі деп білемін

.

– Әңгіме арасында сырт елдерге жиі шығып, кітаптарыңызды таныстыратыныңызды айттыңыз. Сол сапарларыңызда өзге елдің озық тәжірибелерін байқай алдыңыз ба?

– Сұрағыңыз өте орынды. Дамыған елдерде балаларға арналған шығармаларды коммерцияға айналдырып, мол пайда табудың жолдары өте көп. Айталық, өзге елдің жазушылары балаларға арналған шығармаларын алдымен жақсылап кітап қылып шығарады. Содан кейін шығармадағы оқиға желісі бойынша мультфильм түсіруге күш салады. Егер мультфильм де сәтті шығып, балалардың көңілінен шықса, нарықта сол шығармадағы кейіпкерлердің белгісі қойылған киім үлгілері пайда болады. Осылайша бір ғана шығарма экономиканың бір маркетингтік жүйесіне айналады. Болашақта "Даниалдың ғажайып әлемі" ертегісі желісі бойынша мультфильм түсіруді армандап жүрген жайым бар.

– Қазақ ертегілерінің кейіпкерлері мен оқиға желісін пайдаланып, заманауи шығармалар жазу ойыңызда бар ма?

– Менің көкейімде жүрген мәселенің үстінен түстіңіз. Қазіргі таңда біздің балаларымыз сырт елдің ертегілерін оқып, мультфильмдерін көріп, сол елдердің ұлттық ертегілерімен жақын танысуда. Ал қазақ ертегілеріндегі кейіпкерлері тасада қалып жатыр. Заман сынынан сүрінбей осы күнге жеткен ертегілеріміздің оқиға желісі бойынша мультфильм, фентизи бағытындағы балаларға арналған фильмдер түсіріп, жас ұрпақты өз елін сүйетін патриот етіп тәрбиелеудің мәні зор деп есептеймін. Болашақта қазақ ертегілерімен жұмыс істеп, ата-бабамыздың мол рухани мұрасын әлемге танытқым келеді. Бұл бағытта тынымсыз еңбек ете беретін боламын.

– Рахмет! Ой-армандарыңыз толық орындалсын!

Сұхбаттасқан Нұрлан ЖҰМАХАН.   

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар