Ахметбек Нұрсила күні кеше Ұлттық олимпиада комитетіне олигарх Құлыбаевтың орнына басшылыққа келген Геннадий Головкинді сынап тастады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы ол Facebook парақшасында жазды. Оның пікірінше, Головкин де Құлыбаевтың бір түрі, әкелер пайдасы, берер көмегі жоқ.
"Надан ел қуанбас нәрсеге қуанады. Абай. Қуанса бүгін қуансын қазақ, Төбесі көкке тимей тұр аз ақ. Кеше бала бақшадағы сәбилер бірін -бірі аяусыз соғып, тепкілеп жатқан видеосын салғанда көптеген оқырмандар "Ата-анасы не тәрбиеші кінәлі" дегенді айтып жатты!
Оған қоғам, мына сіз бен біз кінәліміз. Бокс, ережесіз жекпе жек жауыздыққа тәрбиелейді! Оны ұлықтап, насихаттау ұлтыңа жасалған қастандық!
Спорттың төресі жеңіл атлетика. Спортпен 100% барлық Қазақстандық айналысуы керек. Ол үшін қарапайым кроссовка жетеді. Спорт алаңқайларын салу керек.
Үлкен спорт- бизнес!
Генаның жеке басына ешбір өштігім де, қызғанышым да жоқ. Бірақ ол Қазақ еліндегі балалардың психологиясын бұзғаннан басқа ештеме әкелмейді.
"Қазақты әлемге танытты, көк туды желбіретті" дерсіздер. Одан сізге, елге, келер ұрпаққа не пайда?" - деп жазды ол.
Айта кетейік, бұған дейін Ұлттық олимпиада комитетінде президент қызметін экс-президенттің күйеу баласы Тимур Құлыбаев атқарды. Ал кеше жиын өтіп, ресми түрде келесі тізгінді боксшы Головкин алды.
Алайда қоғамда бұған дейін де Ұлттық олимпиада комитетінің басшылық құрамына қатысты қызу дау жүрген еді. Депутаттар да бұл мәселені бірнеше мәрте көтерді. Мәселен, Бапи Құлыбаевты ашық сынап тастады.
"Оның ойы елдің мұнайын сатып, қалтасын толтыру. Спортты қайтсын?! ...Париж Олимпиадасы қарсаңында мұндай жағдайға мүлдем жол берілмеуі тиіс! Ұлттық Олимпиада Комитетіне түбегейлі өзгерістер керек", - деген еді ол.