Бағанашылдағы даулы оқиғадан кейін бірден үш шенеунік лауазымынан кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Қызметімен қош айтысқандардың қатарында Алматы облысы білім басқармасының басшысы Салтанат Беспаева, облыс әкімінің орынбасары Болат Күренбеков және ішкі саясат басқармасының жетекшісі Ерік Әбітов бар.
Бұған қоса, Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.
Айта кетейік, 2025 жылдың көктемінде Алматы қаласының билігі "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Қонаев қаласына көшіру туралы шешім қабылдағандарын мәлімдеді. Бұған ғимараттың ескіруі түрткі деген себепті де алға келтірді. Балаларға жаңа орын алдын-ала дайындалып қойылғаны да айтылды. Алайда, балалардың айтуынша, айдаладағы нысанда, тіпті таза су да болмаған. Оқушылардың өздері көшуге қарсылық танытты.
Соған қарамастан 21 шілдеде "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілерін Алматыдан Қонаевқа көшіру басталды, оның арты үлкен даумен тынғаны белгілі. Желіде мәжбүрлі көшіру кезінде түсірілген видео жарияланған кейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев бұл процесті тоқтатып, ал балалар үйінің ғимаратын жөндеуді тапсырды. Қазір Президент Әкімшілігі қызметтік тергеу шараларын жүргізуде.
Күні кеше Алматы қаласының әкімдігі балалар үйінің тәрбиеленушілері өз орнында қалдырылып, Алматыда оқуларын жалғастыратынын мәлімдеді. Ал балалар үйінің ғимаратына жаңғырту жұмыстары келесі жылы қолға алынатын болды.
"Балаларды бөліп-жармаймыз. Тәрбиеленушілер Алматыда қай мектептерде оқып жүр, сол білім ордаларында оқуын жалғасатын болады. Балалардың Қонаев қаласына көшіру қарастырылмайды", делінген әкімдік хабарламасында.