Бағанашылдағы балалар үйіне қатысты тағы бір дау: әкімдік не дейді?

Сағыныш Сардарова 31 шіл. 2025 12:53

Әлеуметтік желіде "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілері тағы бір үндеу жасады,, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Олар өздерін бөлмеуді сұрап, биліктен уәдесінде тұруын өтінді. Әкімдік бұл жағдайға пікір білдірді.

Алматы әкімдігі мәліметінше, "Бағанашыл" балалар үйінің тәрбиеленушілері өз орталығы аумағында тұрып, Алматы қаласында білім алуын жалғастырады.

"Қазір Алматы қаласы мен Алматы облысының әкімдіктері нысанды қала қарамағына беру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Тәрбиеленушілерге заманауи әрі қауіпсіз жағдай жасау мақсатында балалар үйінің ғимаратына кешенді қайта жаңғырту жұмыстары жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар тиісті рәсімдерден өткеннен кейін, яғни келесі жылы басталады", - деді әкімдік өкілдері.

Әкімдік өкілдері балалар бірінен бірі бөлінбейтінін мәлімдеді.

"Тәрбиеленушілер Алматы қаласындағы қазір өздері оқып жүрген мектепте білім алуын жалғастырады. Балаларды Қонаев қаласына көшіру мәселесі қарастырылып жатқан жоқ. Балалардың оқуы мен тұрмыс жайы әрдайым жіті бақылауда", - деп жазылған хабарламада.

Айта кетейік, бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыдағы балалар үйі тәрбиеленушілерін көшіру туралы шешімді тоқтатуды тапсырды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар