Алматыдағы балалар үйінде тұратын балалар жөндеу жұмыстары кезінде бір-бірінен ажырап қаламыз ба деп алаңдап отыр. Олар бұл туралы әлеуметтік желіде жарияланған мәлімдемеде айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бейнеүндеуде тәрбиеленушілер жергілікті билікке қайырылып, бірге қалдыруды сұрайды.
"Бұған дейін жөндеу кезінде ешкімді бөле-жармаймыз деп уәде бердіңіздер. Ал қазір басқа ақпарат естіп жатырмыз. Бізде екі корпус бар, оның бірі бос тұр. Неге алдымен соны жөндеп, бәрімізді сонда көшірмеске? Кейін негізгі ғимаратқа реконструкция жасауға болады. Егер шын мәнінде тиімді шешім іздесеңіздер, біздің ұсыныс ең ұтымдысы", - дейді олар.
Балалардың айтуынша, жуырда мекемеге Президент әкімшілігінен өкілдер келген. Сол кезде жөндеу жұмыстары келесі жылдың көктемінен ерте басталмайтыны және тәрбиеленушілерді бос тұрған корпусқа көшіру немесе барлығына отбасылық үлгідегі үйлер салу жоспарланғаны айтылған.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда жетім балаларды Қонаевқа күштеп көшіруді тоқтатуды тапсырған болатын.