BAE Systems Air Astana құрамынан шығады — сарапшы компанияға әсерін түсіндірді

Қаракөз Амантай 20 нау. 2026 11:20

Ұлыбританиялық BAE Systems компаниясы Air Astana-дағы 6,86% үлесін толық сатуды жоспарлап отыр. Бұл пакет нарықтық бағадан шамамен 15% төмен, яғни бір депозитарлық қолхат үшін шамамен 5,1 доллар деңгейінде ұсынылуы мүмкін. 18 наурыздағы сауда қорытындысы бойынша, Air Astana акциялары тарихи ең төменгі деңгейге дейін құлдырап, 5,74%-ға (707,6 теңгеге дейін) төмендеген.

BAE Systems-тің Air Astana капиталынан шығуы отандық әуе компаниясының алдағы көрсеткіштері мен қызметіне қалай әсер етеді? Бұл сауалға Qazaq Expert Club тең құрылтайшысы, экономист Бауыржан Шурманов жауап берді, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Шурмановтың айтуынша, бұл – 20 жылдан астам уақытқа созылған инвестициялық кезеңнің аяқталуы.

"BAE Systems Air Astana құрылу кезеңінде негізгі серіктес болды. Компанияның корпоративтік басқару жүйесін қалыптастыруға және халықаралық беделін арттыруға үлкен үлес қосты. IPO өткеннен кейін олардың қатысуы стратегиялық маңызын жоғалтты", – дейді сарапшы.

Оның айтуынша, бұл жағдай компанияда мәселе бар дегенді білдірмейді, бұл – инвестордың өз үлесін сатып, жобадан шығуы. Алайда шығу тәсілі маңызды.

"Үлкен көлемдегі акцияны жеңілдікпен сату қысқа уақытта акция бағасына қысым түсіреді, яғни баға төмендеуі мүмкін. Сонымен қатар нарықта акция саны көбейеді, себебі бұл үлес негізінен ірі инвесторларға ұсынылады", – деп түсіндірді Шурманов.

Сонымен қатар экономистің пікірінше, бұл мәміле Air Astana-ның операциялық қызметіне тікелей әсер етпейді. Компания жаңа капитал тартпайды, ал басқару құрылымы өзгеріссіз қалады.

"Дегенмен бұл жағдайдың жанама әсерлері бар. Бір жағынан, компания бұрынғыдай ірі шетелдік инвестордан айырылады, ал мұндай инвесторлар әдетте компанияға сыртқы нарықта сенім арттыратын еді. Екінші жағынан, акциялардың еркін сатылатын үлесі көбейеді. Бұл – жаңа инвесторлар үшін жақсы мүмкіндік. Бұған дейін акциялар аз болғандықтан кіре алмаған ірі қорлар енді қызығушылық танытуы мүмкін. Ұзақ мерзімде бұл компанияның инвесторлар құрамын жақсартып, оны нарыққа бейім, ашық компанияға айналдырады", – дейді сарапшы.

Шурмановтың айтуынша, BAE Systems-тің шығуы Air Astana үшін дәл бір осал кезеңге тұспа-тұс келіп отыр. Қазір компания Таяу Шығыстағы жағдай мен Pratt & Whitney қозғалтқыштарына қатысты мәселелерге байланысты табыс пен жұмыс көрсеткіштері жағынан қысым көріп отыр.

"Жалпы, нарыққа әсері әртүрлі болады. Қысқа мерзімде – акцияларды жеңілдікпен сату және олардың нарықта көбеюі бағаға кері әсер етуі мүмкін. Орта мерзімде – жағдай тұрақталады, себебі компанияның негізгі қызметі өзгермейді. Ал ұзақ мерзімде – оң нәтиже болуы ықтимал, егер акциялардың еркін айналымы артып, жаңа инвесторлар келсе және компания әділ бағалана бастаса", - деп түйіндеді экономист.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
// Banner remove