Біріккен Араб Әмірліктерінің ОПЕК құрамынан шығу туралы шешімі Қазақстан экономикасына тікелей әсер етуі мүмкін. Өйткені елде мұнай экспорттың шамамен 50%-ы және валюталық түсімнің негізгі көзі болып отыр. Сондықтан мұнай бағасындағы кез келген құбылу аса маңызды факторға айналады, деп хабарлайды dalanews.kz.
Ресми түрде БАӘ бұл шешімді стратегиялық басымдықтарды қайта қараумен түсіндіреді: газ секторын дамытуға және экономиканы әртараптандыруға басымдық беру. Алайда Qazaq Expert Club сарапшысы, экономист Саида Тлеуленованың айтуынша, бұл әлдеқайда терең үрдістің көрінісі.
Сарапшының сөзінше, бұл – ОПЕК ішіндегі тәртіптің біртіндеп әлсіреп жатқанын және ұлттық стратегиялардың рөлі күшейгенін көрсететін белгі. Елдер барған сайын ұжымдық шектеулерге емес, өз экономикалық мүдделеріне сүйене бастады.
Қазақстан ОПЕК мүшесі болмаса да, мұнай саясатын альянспен белсенді үйлестіріп келеді. Ұйым ішіндегі бірліктің әлсіреуі жағдайында екіжақты және көпжақты келісімдердің маңызы артып, нарықтағы өзгерістерге жедел әрекет ету қабілеті шешуші рөл атқарады.
Тлеуленованың айтуынша, картель ішіндегі үйлестірудің әлсіреуі мұнай бағасының құбылмалылығын арттыруы мүмкін, ал бұл бюджетті жоспарлауды күрделендіреді.
Бір жағынан, картель ықпалының төмендеуі өндіру саясатын икемді жүргізуге мүмкіндік береді. Екінші жағынан, нарықты болжап-білу қиындай түсіп, экспортқа тәуелді экономика үшін тәуекелдерді күшейтеді.
Қосымша фактор – теңге бағамының қазіргі динамикасы.
Сарапшының пікірінше, күшті теңге екіжақты әсер береді: инфляцияны тежейді, бірақ экспорттаушылардың ұлттық валютадағы табысын азайтады.
Осы жағдайда мұнай бағасының ықтимал төмендеуі бюджетке қосымша қысым түсіруі мүмкін.
Экономистің түсіндіруінше, егер мұнай бағасы төмендеп, теңге бағамы салыстырмалы түрде жоғары күйінде қалса, бюджет екіжақты теріс әсерге ұшырайды: валюталық түсім азаяды және оны теңгеге айырбастаудан түсетін табыс төмендейді.
Бұл өз кезегінде Ұлттық қорға түсетін жүктемені арттырып, экономиканың сыртқы күйзелістерге сезімталдығын күшейтеді.
Қысқа мерзімде күшті теңге «буфер» рөлін атқарып, реттеушілерге жұмсақ ақша-несие саясатын сақтауға мүмкіндік беруі мүмкін. Алайда сыртқы жағдай нашарлаған жағдайда валюталық трендтің өзгеру ықтималдығы жоғары.
Ұзақ мерзімді перспективада БАӘ шешімі Қазақстанды экономиканы әртараптандыруды жеделдетуге және мұнай кірістеріне тәуелділікті азайтуға итермелеуі мүмкін. Бұл қайта өңдеу саласына, газ өнеркәсібіне және «жасыл» энергетикаға инвестициялардың өзектілігін арттырады.