«Әзірет қонған Түркістан» концерті өтті

Dalanews 30 қар. 2018 09:41 819

"Астана" концерт залында тұңғыш рет Қожа Ахмет Ясауидің хикметтеріне қалам тартқан елге белгілі ағайынды композиторлар Серікжан және Әліби Әбдінұровтардың "Әзірет қонған Түркістан" концерті өтті.


Концертке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысты.


«Хикметтер» симфониялық дастаны ұлы бабамыздың «Диуани хикмет» кітабын оқу барысында туған толғаныстарда және «Мәңгілік» дауыс пен симфониялық оркестрге арналған шығармада сазгер Ясауи ілімінің рухани маңыздылығына, тереңдігіне көңіл бөлінген.


«Уа, жаратқан» дауыс пен оркестрге арналған романста Жаратқанның хақ екендігін, күнәларының кешуін, жауапты күннің келетіндігі туралы толғанса, «Қожа Ахмет Ясауи» туындысы ақын және симфониялық оркестрге арналған. Бейт-симфонияда автор жеке орындаушы ретінде ақынды таңдады. Себебі ол ұлы бабаның өз бейнесі іспеттес. Тыңдармандарға ұлы ұстаз, ақын өзі тіл қатып, хикметтерін халқына өзі оқып тұрғандай әсер береді. 


Қазақстанда алғашқы рет кәсіби музыка тілімен хикметтерді насихаттайтын шығармашылық кеш - Қожа Ахмет Ясауидің соңында қалған телегей-теңіз рухани мұрасын жаңғыртуды мақсат тұтқан.


- Төрткүл дүниенің бас иіп, рухани орталығына айналған Түркістанның қадірі мен қасиеті барлық ұрпақты ойландырмай қоймасы анық. Бүгінгі кеш композиторлық жолымыздағы ең ерекше, өзіндік орны биік шығармашылықтың жемісі деп ойлаймын. Биыл "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Осынау тарихи кезең тұсында перзенттік үлесімізді Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың хикметтерін кәсіби музыка үнімен жеткіздік. Хикметтер жайлы жаңаша мазмұнды дүниені тудырып, ұрпаққа насихаттаудың жаңаша қырын қолға алу жөнінде екі жыл бұрын "Әзірет Сұлтан" қорық-музейінің директоры Ахметжанов Нұрболат досым ой салып, рухани тақырыпты зерттеп, музыка арқылы сөйлету жайлы ізденіс жанданды. Нәтижесін бүгін көрдіңіздер. Концертті алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарында, сонымен қатар ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия Республикасында өткізу жоспарда бар",-дейді Серікжан Әбдінұров.


Кеште Қ.А. Ясауидің хикметтеріне жазылған көптеген шығармалар орындалды. Олардың қатарында дәстүрлі әншілердің  - «Ей, сопы», «Расулдың ризалығы», Павлодар қаласынан келген вокалдық квинтеттің - «Салауат», «Аш, ей момын көзіңді» шығармалары, қылқобызбен - «Диуани хикмет», баянмен - «Арыстанбаб», «Абыз», скрипка аспаптарымен - «Күй-толғау», дауыс және оркестрмен - «Уа, жаратқан», «Мәңгілік», оркестрмен - «Сүйінші», «Балбал», дауыс, флейта және хормен - «Яссы», симфониялық дастан - «Хикметтер», ақын және симфониялық оркестрмен - «Қожа Ахмет Яссауи» шығармалары бар.


Қазақстан композиторлық мектебінде рухани тақырыпқа алғаш рет қалам тартқан ағайынды композиторлар Түркістан облысы, Отырар ауданының тумалары.





Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар