Қазақстанда мұраға қалған үйге қатысты бірнеше жылға созылған дауға Кассациялық сот нүкте қойды. Істе ағасын өлтіргені үшін сотталған адамның әйелі мен ұлы даулы үйге құқық талап еткен, деп хабарлайды dalanews.kz.
Дереккөз мәліметінше, барлығы 2007 жылы басталған. Әжей өзіне тиесілі барлық мүлкін ұлына өсиет етіп қалдырған. 2010 жылы әжей қайтыс болған соң, ұлы сол үйде тұра берген. Алайда ол мұраны нотариус арқылы өз атына рәсімдеп үлгермеген. 2013 жылы ер адам да қайтыс болған.
Оның жиені үй ағасына заңды түрде мұраға қалған деп ойлап жүрген. Тек 2023 жылдың желтоқсанында үйге қатысты басқа сот ісі қаралып жатқанда, мұраның кезінде ресми рәсімделмегенін білген.
Осыдан кейін әйел үйді мұраға алу үшін құжат жинауға кіріскен. Сот арқылы әжесімен туыстық байланысын растаған және нотариусқа жүгінген. Бірақ мұраны қабылдау мерзімі өтіп кеткендіктен, нотариус оның өтінішін қабылдамаған.
Әйел сотқа жүгініп, мұраны қабылдау мерзімін қалпына келтіруді сұраған. Аудандық сот оның талабын қанағаттандырды. Апелляциялық сот бұл шешімді бұзғанымен, кейін Кассациялық сот аудандық соттың алғашқы шешімін қайта күшіне енгізді.
Кассациялық сот әйелдің үйге қатысты жағдайды тек 2023 жылы білгенін және содан кейін мұраны рәсімдеу үшін тиісті әрекеттерді жасағанын ескерген.
Сондай-ақ сот әжейдің ұлы мұраны нотариуста рәсімдемесе де, анасы қайтыс болғаннан кейін үйде тұруын жалғастырғандықтан, мүлікті іс жүзінде қабылдаған деп таныды.
Бұл шешімге марқұм ер адамның ағасын өлтіргені үшін сотталған адамның әйелі мен ұлы қарсы шыққан. Олар да үйге қатысты талап қойған. Алайда Кассациялық сот олардың бұл баспанаға өз бетінше мұрагер ретінде талап қоюына заңды негіз жоқ деген қорытындыға келді.