Адвокат Бауыржан Азанов ел ішінде "құқық қорғаушы" ретінде танылған Айтбек Амангелдіге сауал қойды. Айтуынша, Амангелді Қаңтар құрбандары мен олардың отбасына көмек көрсету мақсатында құрылған қордан ақша алған, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Адвокат Амангелдінің ешқашан заңгерлік қызметпен айналыспағанын айтады. Ашық дереккөзде оның тек маркетинг, қаржы, IT саласында еңбек еткені көрсетілген.
"Айтбек ешқашан адвокаттық куәлік алмаған, сот процесіне қорғаушы ретінде ресми қатыспаған. Сонда QANTAR қорынан нақты қандай қызметі үшін ақша алып жүр? Егер сол бір қиын шақта жәбір көрген отбасыларға көмек көрсетсе, дәлел ұсынсын. Заң саласында кәсіби статусы жоқ азаматтың қордан ақша алуы қаншалықты қисынды?", – дейді Азанов.
Адвокат қордың Қаңтар құрбандарының жақындарына көмек беру, жәбірленушілерге құқықтық қолдау көрсету мақсатында құрылғанын еске салып отыр.
"Адамгершілік тұрғысынан өзгенің қайғысынан пайда табу дұрыс емес. Айтбек Қаңтар қорынан қандай мақсатта ақша алғанын түсіндіруі керек. Үнсіз қалған жағдайда қордың қаржысы кімнің қалтасына ауып жатыр деген заңды сауал туады", – дейді Азанов.
Адвокат қор жұмысынан ашықтық пен айқындықты талап етуде. Айтуынша, қордың әрбір теңгесі мақсатты жұмсалуы тиіс.
«QANTAR қоры нақты кімге көмектеседі? Жапа шеккен қауым қалыс қалып жатқан жоқ па?", - дейді маман.