Қазақстанда онлайн саудадан түскен табыс мөлшері жыл сайын еселеп артып жатыр. Пандемиядан басталған онлайн сауданың көрігі қазір қарыштай түскен. Ұлттық статистика бюросының дерегіне сенсек, кейінгі бір жылда Қазақстандағы маркетплейстердің сауда айналымы 1,8 трлн теңгені құрады, деп жазады Dalanews.kz.
Мұны соңғы кездері әр қалада тауарды алуға арналған "посттаматтардың" қаптай бастауынан да байқауға болады.Кәсіпкерлердің айтуынша, тауарды алып кету пункттеріне күніне 100-150 адам келеді. Тұрмыстық заттар, киім-кешек, ойыншық – түрлі тапсырыстарын алып кетіп жатады. Сауда және интеграция министрлігінің ақпаратына сәйкес, 2020 жылы электронды саудадан түскен табыс көлемі 476,7 млрд теңге болса, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 2,4 трлн теңгеге жеткен. Яғни, нарық үш-ақ жылда 5 есе ұлғайған. Ал оның 72,4% үлесі маркетплейстерге тиесілі, деп хабарлайды 24KZ.
"Мұнда 200 млн-ға дейін түрлі тауар бар. Ыдыстан бастап, киім-кешек, тіпті мысықтың тамағына дейін, былай айтқанда, бала-шағаға кез келген заттың бәрі бар. Астана қаласында қазір 170 нүктесі бар, әлі де 100 нүкте ашылу керек деген сыбыс естіліп жатыр", - дейді кәсіпкер Қуаныш Жеткерген.
Ресми цифрларға жүгінсек, осыдан 5 жыл бұрын, яғни 2019 жылы елдегі онлайн сауда үлесі 1,8% ғана болса, кейінгі екі жылда 12%-дан асқанын көре аламыз
"Бекітілген көрсеткіштер бойынша, министрліктің алдында 2030 жылға дейін электрондық сауда үлесін 20%-ке арттыру міндеті тұр. Ал қазіргі таңда ол бізде 12,7%-ті құрайды",- дейді ҚР СИМ Электрондық және биржалық сауда департаментінің бас маманы Айгүл Оразаева.
Онлайн сауда, расында дәстүрлі саудагерлерге қатты бәсекелестік танытуды ма? Мәселен, Астана сауда үйлері қоғамының мүшесі Мұхтар Есболғановтың айтуынша, жалпы елдегі еңбекпен қамтылған азаматтардың 16,8%-і осы дәстүрлі сауда секторында жүр. Олардың 5-7%-ы жыл сайын дүкендерін жауып жатыр. Сондықтан базардағылардың саудасы мүлде жойылып кетпесе де, сұйылып жатқаны байқалады.
"Базарда тұрған саудагерлер саны қазіргі күнде 400-600 мың адам. Ал асырап отырған отбасыларымен бірге есептесек, 2 млн адам. Сонда тірі саудаға қарап отырған 2 млн біздің азаматтарымыздың ертең жұмыссыз қалуы мүмкін. Оған себеп екі жақтың сауда жүргізу мүмкіндіктері тең емес. Мысалы, электронды саудада салық мәселесі дұрыс қаралмаған. Ал дүкеншілер түрлі шығындарына байланысты тауарын үстемелеп сатуға мәжбүр", - дейді Астана сауда үйлері қауымдастығының мүшесі Мұхтар Есболғанов.
Қалай десек те, электронды сауда халық үшін тиімді болып тұр. Сондықтан үлесі де арта берері анық. Бұған көз жеткізген дүкеншілердің көбі қазір жағдайға бейімделіп, әлеуметтік желі арқылы сауда жүргізуге машықтануда.
Айта кетсек, 2024 жылы 19 қарашада Түркияның монополияға қарсы агенттігі Kaspi.kz акционерлік қоғамының түрік электрондық коммерция платформаларының бірі – Hepsiburada-ны сатып алу жөніндегі келісімін мақұлдады.