Түркияның монополияға қарсы агенттігі Kaspi.kz акционерлік қоғамының түрік электрондық коммерция платформаларының бірі – Hepsiburada-ны сатып алу жөніндегі келісімін мақұлдады. Бұл туралы 19 қарашада Turkiye Today жергілікті басылымы жазды, деп хабарлайды Dalanews.kz.
"Келісім бұрын Ханзада Доғанға тиесілі Hepsiburada-ның 65,41% бақылаушы акциясын екінші қолға өткізуді қарастырады", делінген басылымда.
Еске сала кетсек, Kaspi.kz компаниясы 2024 жылдың 18 қазанында Hepsiburada-ның 65,41% акциясын сатып алу туралы келісімге келгенін жариялаған болатын. Сол кезде Түркияның реттеуші органдары оң шешімін алған жағдайда келісімді 2025 жылдың І тоқсанының соңына қарай аяқтау мүмкін болатыны айтылған. Келісім шарттарына сәйкес, төлем екі транш бойынша жүргізілмек: Kaspi.kz мәмілені жабу кезінде 600 млн доллар, ал қалған 526,9 млн долларды алты ай ішінде төлейді.