Мектептің әкімшілігі де, білім алушы оқушылар да бізді жылы лебізбен қарсы алды. Қонақтар келгенін естіген оқушылар әсем безендірілген концерт залында жиналды. Біз өз кезегімізде арнайы құрылған концерттік бағдарламамызбен бөлісіп, балалардың көңілін бір көтердік. Аспан асты елінің ерекшеліктері мен көркем жерлері туралы презентация ұсынылды. Сондағы балақайлардың қызығушылығын көрсеңіздер...Үсті-үстіне сұрақтар қойып, концертіміз еркін әңгімемен жалғасты. Студенттер қытай тілінде әндер шырқап, балалардың көздеріндегі отты жандыра түсті. Балаларға таныс көңілді ән айтылғанда, балалар шапалақ ұрып қатты қуанды. Ол ән арман туралы болатын. Дәл осы тұста, балалардың армандауға деген құлшынысын байқағандай болдық. Концертіміз осылайша қызықты, әрі көңілді болып өтті. Кейін, мектеп директоры мен оқытушылары бізді балардың бос уақытта айналысатын кәсіптерімен таныстырды. Мектеп оқушылары түске дейін сабақ оқып, түстен кейін шығармашылықпен айналысады екен. Оқытушылар айтуы бойынша, шығармашылық балалардың бойындағы кемістікті жойып, дене-бітімдерін түзетуге септігін тигізеді. Мектепте қыш құмыра жасау шеберханасы, моншақ тоқу үйірмесі, тері өңдеу шеберханасы жұмыс істейді. Мұнда балалардың өз қолдарымен жасаған бұйымдарын көріп тәнті болдық. Расымен де, бұйымдардың сапасы өте жоғары, тіпті бір шебердің жасағаны іспеттес. Бұл өз кезегіңде балалардың аса зор ұқыптылығы мен іске жауапкершілікпен қарайтындығының айғағы. Осылайша, бойларыңдағы кемістіктерді жеңе біліп, тағдырдың салаған тәлкегіне төзе білген балармен танысып қайттық. Бұл балақайлардан күтетін үмітіміз көп, Қазақстанның болашығына үлкен үлесін тигізетін азамат болып өсетініне сеніміміз зор. Ал, біз өз кезегімізде оларға қолдан келгенше көмек көрсетеміз. Бұл біздің алғашқы кездесуіміз болатын, алдағы уақытта мұндай кездесулердің саны артатыны айдан анық.
Күн көзі бүкіл әлемді өзінің жылы шуағымен аялап ғасырдаң – ғасырға жеткізуде, адам баласы бір - бірін аялап қадірлеп, қиналған сәттерінде қайырымдылығын жасап өздерінің иман жүзді адам екендігін білдіре білсе жер бетінде бақытты жандар көп өмір сүрері анық. Жүрегімізді ізгілендіріп, айналамызды нұрландырайық, ағайын!
Айнұр Сартова, Шығыстану факультетінің 4 курс студенті
Нұртәліп Шарыпқазы, Шығыстану факультетінің оқытушысы