Аймақтағы ағайын медициналық квотадан бейхабар

Dalanews 09 мау. 2017 10:39 777

Аймақтағы мемлекеттік денсаулық сақтау мекемелері тұрғындарға квота беру, мүгедектік топқа шығару жүйесін түсіндіру жұмыстарына немқұрайлы қарап келген. Ақ халаттыларды мұндай өткір сынға Шығыс Қазақстанның Қоғамдық кеңес өкілдері алып отыр.

Өскеменде өткен ШҚО Қоғамдық кеңестің денсаулық сақтау жөніндегі сараптама жұмысы тобының өкілдері қатысқан кезекті отырыс барысында квота беру және науқастарды мүгедеттік топқа шығару мәселесі көтерілді. Қоғамдық кеңес мүшелерінің айтуынша, аймақтағы мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдарының мамандары жергілікті тұрғындарға квота беру және мүгедектік топтарын тіркеу жүйесі жайлы түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізбеген. Нәтижесінде мемлекет тарапынан жасалып отырған көмек-қолдау жайлы тұрғындар толыққанды ақпараттанбаған.

– Ақпараттандыру, құлағдар етудің ең қарапайым, шығынсыз жолы бар. Мысалы, әрбір тұрғынды жеке отырғызып қойып, түсіндірмей ақ, аурухана, емханалардың ішіне ақпараттық стенд қоюға болады. Ем-дом алушы жазылып тұрған ақпаратты оқып, қажетті мағлұмат алар еді. Ал бізде мұндай жұмыстар жасалмаған. Демек, бұл жауапты шаруаға атүсті қарау деген сөз, – деп отыр Облыстық мәслихаттың депутаты Олег Чернышов.

Жиынға қатысушылар аталған мәселені шешу ақпараттандыру жұмыстарын нәтижелі жүргізу үшін Қоғамдық кеңес мүшелері мен мемлекеттік органдар бірлесе отырып атқарған жөн дейді. Бұл шаруаға қоғамның әлжуаз топтарымен жұмыс жасауда тәжірибесі бар үкіметтік емес ұйымдарды да тартқан жөн. Сонымен қатар, қоғамдық белсенділер әлеумет үшін маңызы бар жүйені барынша ашық жүргізуге шақырды.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар