Аймағамбетов жұмыссыздық туралы: "Әлі күнге дейін тізесі шыққан шараларды қолданудамыз"

Көркем Алдабергенова 14 қаз. 2024 12:16 1462

Депутат Асхат Аймағамбетов Үкімет сағатында елдегі жұмыссыздық мәселесін қозғады, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Асхат Аймағамбетов баяндамасын такси жүргізушісімен болған әңгімесінен бастады. 

«Жуырда таксиде келе жатып, жүргізушімен әңгімелестім. Оның есімі Сержан екен. Мұның алдында гидролог-инженер болып жұмыс істепті. Ол өзінің жұмысы туралы, су ресурсын басқару туралы майын тамызып әңгімені бастап кетті. Бір уақыттта менің сұрақ қоятынымды түсінді ме, кішігірім өкінішпен, «түсінесіз ғой, менің отбасым бар, мойнымда несиелерім бар дегендей, сондықтан өз мамандығымды –  гидрология саласын қаншалықты жақсы көрсем де, инженер-гидрологтың жалақысымен алысқа бара алмайсың» деп ақталуға тырысты. Бұл – бір адамның ғана басында бар жағдай емес, біздегі еңбек нарығындағы түйткілді мәселелердің көрінісі деп айтар едім. Менің ойымша, осында отырған әр депутат әлі талай осындай мысалдарды айтып бере алады. Неге осындай білікті мамандар өз мамандықтары бойынша жұмыс істемей жүр? Еңбек нарығындағы дисбаланстың себебі неде? Неге мамандар жеткіліксіз» - деді Аймағамбетов.

Депутаттың сөзінше, кейбір мамандықтарға грант бөлінсе де бірде-бір адам өтініш бермеген. 

«Тағы бір ақпарат: біз мамандар жетіспейді дейміз. Бірақ гранттарды игеру кезінде мынандай жайт орын алуда. Гидроминерация мамандығына бөлінген гранттарға бірде-бір адам өтініш бермеген. Яғни, конкурс 0 адамды құрады. Көлік құрылыстары бойынша бөлінген 300 гранттың тек 29-на адам қабылданды. Яғни, 1 грантқа 0,1 адамнан келіп отыр. Бұл мысалдар кадр тапшылығы күрделі мәселе екенін айқын көрсетеді. Яғни, проблема грант санында не оның дұрыс бөлінбеуінде ғана емес, тіпті оларды дайындайтын колледждер мен университеттердің болмауында  немесе оқу сапасында емес екені барлығымызға анық деп ойлаймын», –  дейді депутат.

Сондай-ақ ол жұмыспен қамту шаралары жергілікті деңгейде қоғамдық жұмысқа тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмай отырғанын айтты.

«2008 жылдан бастап жұмыспен қамтудың бес бағдарламасы қабылданды. Яғни, әр екі жыл сайын жаңа бағдарлама қабылданып отырған. Олар қандай нәтиже берді. Егер жұмыспен қамту шаралары негізгі құралдармен әдістермен талдайтын болсақ, онда олар осы жылдар бойы концептуалды түрде айтарлықтай өзгермеген. Негізінен уақытша сипатта болғанын байқаймыз. Баяғы жартас – сол жартас. Біз әлі күнге дейін тізесі шыққан шараларды қолданудамыз. Жаңа жүйелі шаралар аз. Сол баяғы уақытша жұмыс орындарын құру. Оқыту, шағын несие беру және т.б. Ал жергілікті деңгейде бұл шаралар қоғамдық жұмысқа тартудан, әлеуметтік жұмыс орындарын ұсынудан және жастар практикасынан аса алмай отыр. Осы шаралардың қаншалықты тиімді екенін де зерттеп жатқан ешкім жоқ» - дейді Аймағамбетов. 

Депуттаттың айтуынша, Үкіметтің есебінен жыл сайын шамамаен 900 мың адам жұмысқа орналасады. 

«Енді мына санды қарасақ. Үкіметтің есебінен жыл сайын шамамаен 900 мың адам жұмысқа орналасады екен. сонда жыл сайын 1 млн-ға жуық адам жұмысқа орналасса, жұмыссыздық деңгейі неге өзгеріссіз қалып отыр деген сұрақ барлығымызды мазалайды. Ең қызығы, соңғы он жылда жұмыссыздық 4,5 және 4,7 деңгейде өзгермей тұр. 2023 жыл қорытындысы бойынша 963 мың адам жұмысқа орналастырылған екен. Бірақ жұмыссыздардың саны небәрі 445 мыңнан аспайды. Сонда жұмысқа мұқтаж адамдардың санынан екі есе көп адам жұмысқа орналасқан ба? Сондықтан сұрақ өте көп»,  – дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар