"Айына 4 миллионға жуық": ҚТЖ-ның топ-менеджерлері қанша табыс табатыны белгілі болды

Dalanews 10 мау. 2025 15:39

"Қазақстан темір жолы" ұлттық компаниясы топ-менеджерлерінің 2024 жылғы табысы туралы ақпарат жария болды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Қазақстан қор биржасында (KASE) жарияланған қаржылық есепке сәйкес, КТЖ-ның басқарма мүшелері мен директорлар кеңесінің құрамындағы 18 адам 2024 жылы жалпы сомасы 816 млн теңге табыс тапқан. Бұл сомаға салық, әлеуметтік төлемдер, пайдаланылмаған еңбек демалыстарының резерві мен компанияның жылдық көрсеткіштеріне байланысты берілетін қосымша сыйақылар кіреді.

Орташа есеппен алғанда, компанияның әрбір топ-менеджері бір жылда шамамен 45,3 млн теңге алған. Айлық көрсеткішке бөлгенде, бұл – шамамен 3,8 млн теңге деген сөз.

Дегенмен, 2023 жылмен салыстырғанда КТЖ басшылығының табысы біршама азайған. Бір жыл бұрын ұлттық компанияның басқармасы мен директорлар кеңесінде 16 адам қызмет етіп, олардың жылдық табысы 790 млн теңгені құраған еді. Ай сайынғы орташа табыстары былтыр сәл жоғары – 4,1 млн теңге болған.

Компанияның қаржы есебінде КТЖ-ның жалпы активтері 2024 жылы 5,9 трлн теңгеге жеткені көрсетілген. Ұлттық компания былтыр 2,1 трлн теңге табыс тауып, таза пайдасы 160,8 млрд теңгені құраған.

Айта кету керек, бұған дейін "Қазақстан темір жолы" компаниясы IPO-ға шығуға дайындалып жатқаны хабарланған еді. Компания акцияларын биржада жария түрде саудаға шығару мәселесі талқылануда. IPO барысында инвесторларға КТЖ мүлкінің қандай үлесі ұсынылатыны туралы, әзірге нақты мәлімет жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар