Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
- Аяла не тамақ істеп жатырсың? Білмей жатырсың ба?
- Торт.
- Тортты қалай істейді?
Аялаға тәтті тортты дайындап беретін әзірге анасы жоқ үйде. Сондықтан, сүйікті асын бүлдіршіннің өзі әзірлеуге тура келеді. Ойыншықтарын реттеп, ойша тәтті қиялға беріліп отыр.
Ханәділ Жұмабаевтың күнделікті тірлігі осы. Балалары үшін қара қазанның да бабын үйреніп алған. Күніне екі мезгіл ас-ауқат әзірлеп, ыстық тамақ пісіреді. Әкелерінің әрбір тағамы қара домалақтарына ұнайды.
Ханәділ Жұмабаев, Ораз ата ауылының тұрғыны:
Енді тағдыр ғой. Басқа түскен соң тамақ істеуді үйрендік. Тек жұмыртқа қуыруды ғана білетінмін. Қазір палау, бәрін істеп жатырмын.
Отағасы соңғы екі жылдан бері жалғыз өзі балаларына бас-көз болып жүр. Жұбайы отбасынан кетіп қалған екен. Алысқа емес, көрші ауылда тұрады. Анда-санда перзенттерінен хабар алғаны болмаса, үйге келмейді екен. Оған балалары да үйреніп қалған. Анасынан гөрі, әкелері жақын.
Мейрамбек Пернехан, мектеп оқушысы:
Әкеме үй жұмыстарына көмектесем. Бос уақытымда үй жинаймын. Сабақ орындаймын. Ініме шығара алмай жатқан есебі, жазуына көмектесемін.
Мейрамбек ауылдағы мектепте 7-ші сыныпта оқиды. Сабақ үлгерімі жақсы. Оқу озаты болғандықтан, бауырларына қарайласады. Үй тапсырмасын қадағалайды. Кейде оған әкесі де қосылады. Әйтеуір, екі жақтап жүріп, мұғалімнің үйге берген тапсырмасын орындап үлгереді.
Ханәділ жұбайы жайында сыр ашып ештеме айтқысы келмейді. Не себепті ажырасқанын да айтпады. Ауыл ақсақалдары кезінде татуластырмақ та болыпты екеуін. Бірақ, ортақ келісімге келе алмапты.
Ханәділ Жұмабаев, Ораз ата ауылының тұрғыны:
Енді тағдыр ғой. Басқа түсті. Басымен көтересің енді. Көнем ғой, тіршілік қой.
Дегенмен, енді қайттім деп отырған отағасы жоқ. "Береке басы - бірлікте" екенін жақсы білетін ол биыл қаңтарда Атаулы әлеуметтік көмек алуға өтініш білдіріпті. Сұранысы қанағаттандырылып, әр тоқсан сайын 300 мың теңгеге жуық жәрдемақы алады екен. Аудан әкімдігі жұмысқа орналастырып берген. Және үкіметтен 864 мың теңге алуға жәрдемдесіпті. Ақшасына есік алдына жылыжай салып, қызанақ, қияр өсірумен айналысады. Тапқан табысын балаларына жұмсайды.
Ханәділ Жұмабаев, Ораз ата ауылының тұрғыны:
Табыс қой енді. Балаларға әйтеуір, ары қарай өздерін ептеп кетер. Үйренгеннің еш айыбы жоқ. Тіршілік естеп, өздерінің күнін көретін әрекет істеп жатыр.
Тағдыр тауқыметіне мойымаған отағасы балаларына әкелік қамқорлықпен қоса аналық мейрімді де қатар сыйлауға барын салып келеді.
Ханәділ Жұмабаев, Ораз ата ауылының тұрғыны:
Папа, папа деп әйтеуір, іш бауырыма кіріп жүрген осылардың барына шүкір. Бала- шағам қолғанат болып, мен істейтінді олар істеп қояды. Тамақты жылытады. Күнімізді көріп жатырмыз. Жақсы.
Отағасының бар арманы – жақсы тәрбие беріп, ұлын ұяға, қызын қияға қондыру. Бұл шаруа бір өзіне оңайға соқпасын бідеді. Сондықтан жұбайы қайта оралатын болса, перзенттері үшін жаңа өмір бастауға дайынмын деп отыр.
https://youtu.be/OFIpJBINwSA