Әлеуметтік желіде Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде өткізілген тәрбие жиыны қызу талқыға түсті. Qumash Telegram-арнасының мәліметінше, шараға бірінші курстың студент қыздары қатысқан. Жиын барысында оларға "қыз бала инабатты, ибалы болуы керек", "ашық-шашық киінуге болмайды", "ер адамды көргенде иіліп сәлем беру – әдеп белгісі", "ұзын белдемше – тәрбиенің нышаны" деген мазмұндағы насихат жүргізілген. Сонымен қатар әртүрлі жастағы ер адамдардың қыздардың мінез-құлқы жайлы айтқан видеороликтері көрсетілген. Бұл оқиға әлеуметтік желі қолданушыларының наразылығын туғызды. Желіде "Неге тек қыздар? Жігіттерге неге ештеңе айтылмайды?", "Әйелдерді емес, ерлерді де тәрбиелеңіздер" деген сыни пікірлер көбейді.
Белгілі феминист Айгерім Құсайынқызы Dalanews.kz агенттігіне берген пікірінде мұндай тәрбиелік шаралар гендерлік теңдікке қайшы екенін және зайырлы оқу орындарында мұндай насихатқа жол берілмеуі керегін алға тартты.
"Бұл жағдай – қазақ қоғамындағы гендерлік теңсіздіктің айқын көрінісі және ұлттық дәстүрді үстірт әрі патриархалдық тұрғыда түсіндірудің салдары деп батыл айта аламыз. Екі фактор да бір-бірін “толықтырып”, осындай оқиғалардың қайталануына жағдай жасап отыр. Қазақстандағы әйелдердің 54%-ы білім беру саласында қызмет етеді (Ұлттық статистика бюросы, 2024), бұл – олардың білім алуға деген құлшынысының айғағы. Дегенмен 2024 жылы “Гендерлік алшақтық индексі” бойынша Қазақстан 146 елдің ішінде әлемдік жүздікке де енбейді. Әсіресе, саяси қатысу мен экономикалық мүмкіндіктер бағытында үлкен алшақтық бар. Бұл көрсеткіштер қоғамда әлі де қыздардың әлеуметтік рөлін шектеу тәжірибесінің бар екенін дәлелдейді", - дейді ол.
Сарапшының айтуынша, білім мен сыни ойлауды дамытуы тиіс университет секілді мекеменің дәл осындай сипаттағы жиын ұйымдастыруы – институционалдық деңгейде орныққан гендерлік стереотиптерді қайта жаңғыртудың айқын мысалы.
"ЮНЕСКО-ның 2022 жылғы баяндамасына сәйкес, посткеңестік елдердің 73%-ында білім беру мекемелерінде гендерлік бейтараптылық принциптері толық енгізілмеген. Бұл Қазақстанда байқалып отырған ахуалдың кеңірек жүйелі сипаты бар екенін көрсетеді. Қыз балалардың сыртқы келбеті мен мінез-құлқына бағытталған талаптар – бұл қоғамдық кеңістіктегі әйелдердің еркіндігін шектеудің тікелей тәсілі. Мұнда "әдеп" пен «инабаттылық» ұғымдары гендерлік кодтау арқылы тек әйелден талап етіледі, ал ер адамдардың мінез-құлқы мен моральдық жауапкершілігі назардан тыс қалатыны – патриархалды норманың классикалық белгісі. Мысалы: ЮНИСЕФ зерттеуі (2021) көрсеткендей, қазақстандық жасөспірім қыздардың 38%-ы «қоғамда әйелдердің жүріс-тұрысына қатысты талаптар әділетсіз" деп санайды. Бұл олардың ішкі қарсылығының артып келе жатқанын байқатады", - дейді ол.
Фембике ұлттық дәстүрдің дұрыс түсіндірілмеуін де сынға алды. Оның айтуынша, қазақ тарихында әйелдерге үлкен құрмет көрсетілген. Мысалы, Бопай ханым мен Айғаным ханым сияқты тарихи тұлғалар қоғамның саяси және экономикалық істеріне белсене араласқан.
"Бірақ бүгінгі қоғамда ұлттық мәдениет дегенімізді жиі біржақты – әйелді тек бағынышты, үнсіз, “ұзын етекті” бейнеде көрумен шектеп отырмыз. Бұл – дәстүрді қазіргі патриархалды көзқараспен бұрмалаудың бір үлгісі. Айталық, 2020 жылғы ҚР Отбасылық қатынастарға арналған әлеуметтік зерттеуінде респонденттердің 59%-ы "әйелдің міндеті – күйеуіне бағыну" деп жауап берген. Бұл мәдени түсініктің архаикалық сипатын айқын көрсетеді. Бұл әрекет артында тұрған дүниетаным – постсоветтік кеңістікте кең таралған неоконсервативтік және неопатриархалды идеология. Оның мәні: әйел – қоғамның “моральдық тірегі”, сондықтан оның жүріс-тұрысы үнемі қадағалануы тиіс; ал ер адамның әрекеті екінші кезектегі мәселе болып қала береді. Бұл көзқарас әйелдің қоғамдағы орнын негізінен отбасылық-репродуктивтік рөлге бағыттағысы келеді", - деп қосты ол.
Құсайынқызы елімізде әрбір үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет зорлық-зомбылыққа ұшырайтынын да атап өтті.
"Бұл қоғамда әйелдердің рөлін төмендететін және бақылауға тырысатын дискурс қалай әрекет ететінін көрсетеді. Университеттің бұл бастамасы гендерлік теңдікке қарсы регрессивті қадам әрі ұлттық мәдениетті консервативті кодификациялаудың нәтижесі. Егер расымен де ұлттық құндылықтарды ұлықтағымыз келсе, онда әйелдің де, ер адамның да жауапкершілігін, құқықтары мен міндеттерін тең дәрежеде талқылауымыз керек. Әйтпесе бұл “тәрбие сағаттары” заманауи қоғамға кереғар әсер етеді де, қыздардың білім алудағы, қоғамдық өмірдегі белсенділігіне кері ықпалын тигізеді", - деп қосты ол.
Құсайынқызы бұл құбылыстың әлеуметтік-психологиялық тамыры тереңде жатқанын алға тартты. Оның пікрінше, қазақ қоғамы мен жалпы посткеңестік кеңістік патриархалды жүйе болып қалыптасқан.
"Мұндай жүйеде әйел адамның сыртқы келбеті мен жүріс-тұрысы – қоғамның “моральдық капиталы” ретінде қарастырылады. Яғни, әйелдің “тәртіптілігі” бүкіл қоғамның абыройымен байланыстырылып, “намыс” ұғымы көбіне әйелге ғана телінеді. ЮНИСЕФ-тің 2023 жылғы дерегі бойынша, Қазақстанда ата-аналардың 70%-ы қыз бала тәрбиесінде инабаттылық пен ұят мәселесін басты орынға қояды, ал ұл балалар үшін бұл көрсеткіш тек 32% ғана. Бұл қоғамның тәрбие саласында қандай "екіұдай стандарт" ұстанып отырғанын көрсетеді. Неге тек қыздарға бағытталады? Өйткені патриархалды санада әйел – “әлсіз”, оны "бағыттап, түзеп отыру керек" деген түсінік бар. Бұл стереотип тек біздің елде емес, бүкіл әлемде байқалады: әйел сексуализацияның объектісіне айналып, оның жүріс-тұрысы – қоғамдық бақылаудың басты нысанына айналады.
Француз әлеуметтанушысы Пьер Бурдьенің айтуынша, мұндай жүйе “символикалық зорлықтың” көрінісі, яғни әйелдер өздерін шектеуді әдетке айналдырып, оны қалыпты нәрсе ретінде қабылдауға мәжбүр болады. Жігіттерге қатысты тәрбие неге ескерусіз? Бұл – екіұдай стандарттың классикалық мысалы. Жігіттерге арналған тәрбиелік әңгімелер сирек айтылады, өйткені қоғамда “жігітке бәрі жарасады”, “еркек – түздің адамы” деген көзқарас бар. Мұндай ұстанымдар ер азаматтардың әлеуметтік және моральдық жауапкершілігін екінші орынға ысырып қояды", - дейді ол.
Сарапшы ресми статистиканы негізге ала отырып былай деп мысал келтірді:
"ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика комитетінің мәліметіне сәйкес, 2024 жылы 16,1 млрд теңгеден астам алимент қарызы жиналмаған. Бұл – қоғамда ер азаматтардың отбасылық және әлеуметтік жауапкершілігінің әлсіздігін айғақтайтын дерек. Бірақ дәл осы мәселе жиындарда немесе БАҚ-та қызу талқыланып жатқаны сирек. Соңы не болады? Осының салдарынан бізде екі түрлі қауіпті құбылыс пайда болады. Қыздарға қатысты шексіз талап қойылады, бұл олардың тұлғалық дамуына, өзін-өзі бағалауына кері әсер етеді. HRW 2022 жылғы баяндамасында Қазақстандағы жасөспірім қыздардың 41%-ы "қоғамның артық талаптары өз еркіндігімді шектейді" деп айтқан. Мұндай тәрбиенің салдары – қысыңқы сана, өзін-өзі шектеу, гендерлік кемсітушілікті қалыпты нәрсе ретінде қабылдау. Жігіттерге аз талап қойылады, бұл олардың қоғам алдындағы жауапкершілік сезімін төмендетеді. Зорлық-зомбылық, тұрмыстық агрессия, гендерлік теңсіздіктің күшеюі – осы тәрбие жүйесінің тікелей салдары.
Қазақстанда 2023 жылы тіркелген тұрмыстық зорлық-зомбылық фактілерінің 82%-ы ер адамдар тарапынан жасалған. Бұл – тәрбиенің біржақты болуынан туындайтын мәселе. Қандай дүниетаным жатыр? Бұл модель қоғамдағы “ер адам – басқарушы, әйел – бағынушы” деген архетиптің жаңғыруынан туындайды. Осылайша, қыздарға ғана бағытталған тәрбиелік жиындар гендерлік стереотиптерді нығайтып, ер адамдардың жауапкершілігін “көзге көрінбейтін” етеді. Жоғарыда айтылған 16 млрд теңге алимент қарыз – осы тәрбие жүйесінің нақты нәтижесі, бірақ мұндай фактілерді ашық әшкерелеу жүйелі түрде жүзеге аспайды", - деп қосты ол.
Оның айтуынша, білім беру мекемелерінде өткізілетін тәрбие сағаттары мен тәрбиелік іс-шаралар адам құқығының универсалды қағидаттарына сәйкес құрылуы қажет. Осы тұста ол, бірнеше ұсыныс айтты.
"Гендерлік бейтараптылық: Қыздар мен ұлдарға ортақ құқықтар мен міндеттер ұсынылуы тиіс. Тәрбиелік іс-шараларда жынысына қарай бөлу немесе басымдық беру тәжірибесі жойылуы керек.
Критикалық ойлауды дамыту: Студенттерге гендерлік стереотиптерді сынай білу, оларды тану және талдау қабілеті үйретілуі қажет.
Кемсітпеу принципі: Барлық оқу бағдарламаларында гендерлік дискриминацияның барлық түрін айыптайтын нақты ұстаным болуы шарт. Өзін-өзі тану мен тұлғалық даму: Қыздар да, ұлдар да өз қабілеттерін, пікірін еркін білдіре алатын, психологиялық және физикалық қауіпсіз орта қалыптасуы тиіс. Қандай контент болуы керек? Гендерлік теңдік, зорлық-зомбылықсыз өмір сүру, адамның қадір-қасиеті сияқты тақырыптар оқу бағдарламасының құрамына жүйелі түрде енуі керек.
Құқықтық сауат: Студенттер Қазақстанның және халықаралық құқықтың негізгі нормаларын біліп өсуі қажет (мысалы, ҚР Конституциясы, БҰҰ-ның Cedaw Конвенциясы, ИКАО-ның 190 Конвенциясы т.б.).
Қыздар мен ұлдарға қойылатын талаптардағы тепе-теңдік: Бұл жерде тепе-теңдік формальды да, мазмұндық жағынан да сақталуы тиіс. Мысалы: Этикалық және мінез-құлық нормалары: Ұлдарға да, қыздарға да қоғамдық орында өзін ұстау, басқа адамдарды құрметтеу, құқық бұзбау талаптары бірдей қойылуы керек. “Қыздар инабатты болсын” деп бір жақты талап қою әділетсіз және гендерлік теңдікке қайшы.
Жауапкершілік: Тәрбиелік модельдерде ұлдарға да зорлық-зомбылыққа жол бермеу, тең қарым-қатынас жасау, тұрмыстық жауапкершілікті бөлісу сияқты талаптар қойылуы қажет. Бұл патриархалды модельді қайта қараудың ең маңызды бөлігі. Киім талабы: Егер мектеп немесе университет киім үлгісін талап етсе, ол гендерлік дискриминация жасамайтын, ортақ эстетикалық және этикалық нормаларға сәйкес болуға тиіс. Мысалы, қыздарға ғана емес, ұлдарға да ұқыптылық, тазалық сияқты талаптар қойылуы керек", - деп түйіндеді ол.