Куәгер Наргиз Низаметдинова төбелес кезінде көзімен көргенін баяндап берді. Оның айтуынша, біреу "ат" деген бұйрық берген, - деп хабарлайды Dalanews.kz.
Сотта куәгер Наргиз Низаметдинова да сөйледі. Қайғылы оқиға кезінде ол үйінде болған. Ол басқа куәгерлердің айғақтарын растады.
Наргиздің сөзінше, айғайдан оянған. Алдымен ол "Балам, балам!" деп айғайлаған әйелдің даусын естіген. Кейін Шерзат жүгіріп кеткен, оның артынан ағасы, анасы жүгірген.
"Дүкеннің маңында бір жігіт тұрып, "Ат!" деп айғайлады. Қара түсті киім киген. ...Анасы айғайлап, ұлын қорғауға тырысты. Алыстан басынан бірнәрсемен ұрып жатқанын көрдім", - деді куәгер.
Сот отырысында Талғар тұрғыны Сәкен Әкежановтан жауап алынды, оның үйі "Қамажай" дүкеніне қарама-қарсы орналасқан. Куәгердің айтуынша, ол айыпталушылармен де, марқұм Шерзатпен де жеке таныс болмаған, бірақ оларды бұрын дүкеннен көрген. Қайғылы оқиға кезінде ер адам үйінде болған, кейін оғаш дыбыстар естіген.
"Әйелдің "жедел жәрдем шақырыңдар" деген даусын естідім", - деді Әкежанов.
Оның айтуынша, далаға қарағанда, он шақты адамнан тұратын топты байқаған. Куәгердің сөзінше, олардың бірі екіншісін ұрып жатқан. Ол: "Жігіттер, тоқтаңдар, өлтіресіңдер ғой" деп айғайлаған.
Шерзат Болаттың өлімі туралы не белгілі?
Еске салайық, былтыр Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім Шерзат Болат көз жұмды.
Кәмелетке толмаған баланы өлтіру дерегі бойынша Алматы облысының Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ, олардың үйі өртеніп кетті.
Көп ұзамай, яғни 9 желтоқсанда марқұм Шерзат Болаттың ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев ажал құшты. Полиция департаменті алдын ала деректер бойынша ол суицид жасағанын мәлімдеді. Оған дәлел ретінде полицейлер Нұрғанаттың туысына мессенджер арқылы жазған хатын жария етті.
Ал марқұм Шерзаттың әкесі бауыры Нұрғанат Ғайыпбаевты жер қойнына тапсырғанан кейін бұқаралық ақпарат құралдарымен кездесуді талап етіп, көшеге шықты. Алайда араға ұзақ уақыт салмай Қаржаубай Нұрымовты полиция қызметкерлері ұстап әкетті. Артынша Шерзат Болаттың әпкесі қамауға алынды. Кейін Қаржаубай Нұрымов 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.