Аяғына пышақ тығып алды: Қарағанды облысында қоғамдық көліктегі қанды қылмыс

Дінасыл Хамит 29 жел. 2025 09:06

Қарағанды облысының Теміртау қаласында қоғамдық көліктердің бірінде ауыр қылмыс орын алды. 30 жастағы ер адам 18 жастағы жігітке суық қарумен шабуыл жасаған, деп хабарлайды dalanews.kz

Оқиға 28 желтоқсан күні №107 бағыттағы автобуста болған. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, екі жолаушы терезе маңындағы орын үшін сөзге келіп, жанжал төбелеске ұласқан. Қақтығыс барысында күдікті жас жігіттің аяғына пышақ сұғып алған.

Зардап шеккен азамат біраз қан жоғалтты. Ал күдікті оқиға орнынан бой тасалаған. Автобус жүргізушісі жағдайды байқаған сәтте көлікті дереу тоқтатып, жедел жәрдем мен полиция қызметкерлерін шақырған.

Оқиға кезінде автобуста өзге де жолаушылар болған. Куәгерлер жедел жәрдем келгенге дейін зардап шеккен азаматқа алғашқы көмек көрсетіп, қан жоғалтудың алдын алған.

Күдікті көп ұзамай құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне ұсталып, полиция бөлімшесінің уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар