Астанада ұйымдасқан қылмыстық топтың қатысушылары қаржы пирамидасын құрғаны және алаяқтық жасағаны үшін сотталды, деп хабарлайды dalanews.kz.
Сотта қылмыстық топ құрамында 10-нан аса адам болғаны және олардың әрқайсының өзара нақты бөлінген міндеті болғаны анықталды.
Топ мүшелері азаматтарды 1 млн теңгеден 2 млн теңгеге дейін ақшалай сыйақы төленетініне сендіріп, автокредит рәсімдеуге көндірген. Сонымен қатар, несие бойынша міндеттемелерді өздері өтейтінін уәде еткен.
Алынған көліктер заңсыз сатылып, олардың бір бөлігі Қазақстан Республикасының аумағынан тыс жерлерге шығарылған. Қылмыстық әрекет салдарынан 100-ден аса азамат жәбірленуші деп танылып, барлығы 165 көлік рәсімделген.
Сот үкімімен кінәлілер ұйымдасқан қылмыстық топты құрғаны және оған басшылық жасағаны, қаржы пирамидасын құрғаны және оған басшылық жасағаны, сондай-ақ, алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, 5 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімдерге бас бостандығынан айыру жазасына сотталды.
Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.