Авиаотын бағасын негізсіз көтерген: Тараздағы әуежай ірі көлемде айыппұл арқалады

Авиаотын бағасын негізсіз көтерген: Тараздағы әуежай ірі көлемде айыппұл арқалады
Фото: astanatv.kz

Тараздағы "Әулие-Ата" халықаралық әуежайы авиаотынды монополиялық жоғары бағамен сатқаны үшін жауапқа тартылды. Сот кәсіпорынға 3,2 млн теңге айыппұл салып, заңсыз алынған 25,2 млн теңге монополиялық кірісті тәркілеу туралы шешім шығарды, деп хабарлайды dalanews.kz.

Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің Жамбыл облысындағы департаменті әуежайдың авиаотын бағасын қалай белгілегенін тексерген. Нарықтағы бәсеке мен баға өзгерісін талдау нәтижесінде авиакеросиннің бағасы негізсіз жоғары қойылғаны анықталды.

Әуежай тексеру қорытындысымен келіспей, оны екі сот сатысында даулаған. Алайда Жамбыл облыстық соты тергеу нәтижесін заңды әрі негізді деп таныды. Кейін Тараз қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотында әуежай өкілдері кінәсін мойындаған.

Айыппұл мен монополиялық кірісті тәркілеуден бөлек, антимонополиялық орган әуежайға заң бұзушылықты тоқтатып, авиакеросинге экономикалық тұрғыдан негізделген баға белгілеуді тапсырды.

Бұған дейін де Қазақстанның басқа әуежайларында авиаотын сатуға қатысты заң бұзушылықтар анықталған. Мәселен, Астана әуежайының отын жеткізушілерден алған алымы бойынша тексеру жүргізілсе, Түркістан әуежайы кәсіпкерлерден әуежай аумағында авиаотын сату құқығы үшін ақы алғаны үшін айыппұл арқалаған.