Қазақстанның авиация саласында кадрлық өзгеріс болды, деп хабарлайды dalanews.kz.
2026 жылғы 4 мамырдан бастап «Авиациялық әкімшілік» АҚ-ның бас атқарушы директоры қызметіне Майкл Дэниел тағайындалды.
Ол АҚШ-тағы Embry-Riddle аэроғарыш университетін «Аэронавтика» мамандығы бойынша бітірген және азаматтық авиация саласында 40 жылдан астам тәжірибеге ие.
Еңбек жолын АҚШ-тың азаматтық авиация федералдық басқармасында бастаған. Әртүрлі жылдары ұшу пайдалану инспекторы, әуе кемелерін сертификаттау жөніндегі маман, ұшу қауіпсіздігі қызметінің жетекшісі және халықаралық бағдарламалар мен саясат бойынша аға менеджер қызметтерін атқарған.
Сондай-ақ Франкфурт, Нью-Йорк, Вашингтон қалаларындағы халықаралық кеңселерде жұмыс істеген. 2006–2009 жылдары Сингапур мен Бейжіңдегі халықаралық кеңселерді басқарып, шетелдік жөндеу станцияларына бақылау жүргізген және қауіпсіздік аудиттерін ұйымдастырған.
Әр жылдары халықаралық бастамаларды басқарған, APEC аясындағы көлік және авиация қауіпсіздігі бойынша жұмыс топтарына қатысқан, сондай-ақ Халықаралық азаматтық авиация ұйымымен ынтымақтастық орнатқан.
Майкл Дэниел ұшу қауіпсіздігі, әуе компанияларды сертификаттау және мемлекеттік бақылау жүйелерін дамыту бағытында үлкен халықаралық тәжірибеге ие.
Жаңа басшының негізгі міндеттерінің бірі – Қазақстаннан АҚШ-қа тікелей әуе рейстерін ашу.