Ауыл шаруашылығы министрлігі Алтай Айнабектің тәжірибесіне күмәнмен қарайды

Қаракөз Амантай 23 шіл. 2024 12:49 2378

Ауыл шаруашылығы министрлігі "Қолдан жаңбыр жауғызып жүрген" қазақ ғалымы Алтай Айнабектің жасанды жаңбыр жауғызу технологиясына күмәнмен қарайды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов Аралға қолдан су толтырып жүрген Алтай Айнабектің технологиясы әлі де зерттеуден өтуі керек деген пікірін жеткізді. Айтуынша, бір жерге жауған жауынның басқа бір аймаққа зияны болуы мүмкін.

Журналист Азат Сұлтановқа “оны дәлелденбеген технология деп есептейсіз бе?” деп сұрақ қояды.

Өз кезегінде шенеунік бұл процесс зерттеуді қажет ететітінін алға тартты.

Бұған дейін Dalanews.kz тілшісі әлемжеліде "жаңбыр адам", "қазақтың Тони Стәркі" деген лақап аттарымен танылып келе жатқан, Климатты өзгерту технологиялары халықаралық орталығының (International Center of Climate Change Technologies) басшысы, “Жасанды жаңбыр жауғызу” технологиясының авторы Алтай Айнабекпен тілдескен еді.

Бірнеше жыл бұрын Маңғыстаудағы қуаңшылық мәселесін шешуге атсалысқан маман қазіргі таңда Аралдың жай-күйіне ерекше назар аударуда.

Маман "Арал өңіріне жаңбыр жауғызамын" деген ойын ортаға салды.

Табиғи құбылыстың тосыннан келген сыйына дайын болмаған жұрт бұл "Құдайдың емес, Алтайдың жаңбыры" деген алып-қашпа әңгімелерді алға тартуда.

Желдей есіп жатқан аталмыш ақпараттарды ғалым жоққа шығармайды. Айтуынша, Аралға жасалып жатқан тәжірибе аталған өңірлерге әсер етуі әбден мүмкін.

"Біз Қазақстанда жұмыс жасаған мерзімдер: 2021 жылдың қазан айы, 2022 жылдың наурыз , сәуір, мамыр айлары және 2023 жылдың тамыз айы. Сонымен қатар 2024 жылдың 18 маусымынан бастап жұмысты жалғастырып жатырмыз. Осы кездердің барлығына ортақ бір құбылыс бар – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарында жауын-шашын деңгейі көп болған.

Атмосфера – статикалық емес. Барлық нәрсе айналып тұрады. Экватордың солтүстігінде атмосфера қозғалысы батыстан шығысқа жүреді. Сондықтан Аралға жасалып жатқан тәжірибенің Алматыға әсері болуы заңдылық. Және біз циклондарды технология көмегімен ұзақ уақытқа ұстап тұруға ықпал етіп жатырмыз. Бірақ болашақта, үкімет қолдап, материалдық техникалық базамыз күшейгенде Аралдың тарихи табанының үстіне жауынның біршама бөлігін локализация жасаймыз", - дейді ол.

Ғалым "Аралды суға толтырудың" алғашқы кезеңдерін еңсеріп жатқанын атап өтті. Оның сөзінше, бұл процесс біраз уақытты талап етеді.

"Бірінші кезең – климатты үйрету. Жалпы, Аралдың климаты ғасырлар бойы қалыптасқан. Оның үстіне Арал тартылған соң мүлде басқа климат орныққан. Біз соны өзгертудеміз. Қазір температура біршама түсіп, жауын едәуір артты. Климат үйрене келе, "облака вертикального развития" жасау жеңілдене түседі. Жоғарыда айтқандай материалдық техникалық база күшейгенде басты этап "жауынның Аралдың тарихи табанына локализация процесінде" су тіптен көбейеді", - дейді ол.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар