Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев үлкен жиындардың бірінде: «Ауылдың жағдайын жақсарта алмасақ, бұл – бәрімізге сын», дегені есімізде. Бұл сөз бүгінгі ауыл тіршілігі мен ауыл шаруашылығы саласына қатысты мемлекеттік көзқарастың бет-бейнесін айқындап берді. Президент, сондай-ақ ауылды дамытуға арналған арнайы бес жылдық ұлттық жоспар әзірлеуді Үкіметке тапсырды. Бұл құжаттың қабылдануы – тек стратегиялық бастама ғана емес, сонымен қатар елдің азық-түлік қауіпсіздігі мен өңірлік теңгерімді дамуына тікелей әсер ететін маңызды қадам.
Мақсат – нақты, жоспар – жүйелі болуы тиіс
Ауыл шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен саланың проблемаларын ашық айқындап, нақты, ғылыми негізделген жоспар қабылдау қажет. Жоспар республикалық деңгейден бастап облыстық, аудандық және ауылдық әкімдіктер деңгейіне дейін нақты үйлестіріліп, жүйелі іске асырылуы тиіс.
Сала мамандарының айтуынша, бүгінгі таңда жоспарлау мен басқару жүйесінде негізгі кемшіліктің бірі – ауыл шаруашылығы саласына маманданған кадрлардың жетіспеушілігі.
«Қарт мамандардың зейнетке кетуімен қатар, оларды алмастыратын жас буын дайындалмай қалды. Бұл жағдай кадр тапшылығын күшейтіп отыр», – дейді экономика ғылымдарының кандидаты Гүлнәр Айтуғанова.
Ғылымсыз даму жоқ
Қазақстанда ауыл шаруашылығы ғылымының әлеуеті зор. Алматыда орналасқан Қазақ мал шаруашылығы және азықтық өндірісі ғылыми-зерттеу институты, сондай-ақ Қазақ егіншілік ғылыми-зерттеу институты – аграрлық секторға арналған ғылыми шешімдердің орталығы бола алады.
Алайда, бұл мекемелер аймақтық ерекшеліктерді ескеріп, жергілікті әкімдіктермен тікелей жұмыс істейтіндей жүйеге көшуі керек. Ғалымдармен бірлесе отырып, нақты өңірлер бойынша мал басын көбейту, жем-шөп дайындау, егін көлемін ұлғайту сынды мәселелерге арналған кешенді жоспар әзірленуі қажет.
Нақты есеп пен дәл статистика – шешім қабылдаудың негізі
Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде жылдық есептің нақтылығы аса маңызды. Бұл ретте:
- Шаруашылықтардың азықтық қорын азықтық бірлікке аударып, нақты мал басының көлемін есептеу;
- Жергілікті деңгейде жоспарлау және талдау жүйесін жетілдіру;
- Ауыл әкімдіктерінде статистикалық есепке жауапты мамандарды қайта даярлап, штаттарын қалпына келтіру керек.
«Егер ауылдың есеп-қисабы бұлыңғыр болса, бүкіл ел бойынша деректер бұрмаланады. Демек, шешім де дұрыс болмайды», – дейді сала маманы, Мемлекеттік сыйлықтың иегері Нұрмағамбет Айтуғанов.
Жер – жауапкершілікпен қарайтын құндылық
Жерді тиімді пайдалану – аграрлық саясаттың өзегі. Әрбір шаруа қожалығы жыл басында бизнес-жоспар әзірлеп, оны ауыл әкімдігімен келісіп, міндеттемелерін бекітуі тиіс. Ал жыл соңында нәтиже болмаса, жерді қайтарып алып, тиімді жұмыс істейтін шаруашылықтарға беру мәселесі де қарастырылуы қажет.
«Жер – ананың құдіреті, ол адамды асырайды. Сондықтан оған ұқыптылықпен қарау – ел болашағы алдындағы парыз», – дейді Айтуғанов.
Ауыл – тек ауыл шаруашылығының ғана емес, мемлекеттің тірегі
Кейінгі жылдары халқы азайып бара жатқан ауылдарды жабу туралы бастамалар жиі көтерілді. Алайда, бұл тәсіл – түбегейлі қате.
«Ауыл шаруашылығы ауылмен тығыз байланысты. Адамдарды қалаларға көшіру арқылы мәселе шешілмейді. Керісінше, ауылда өмір сүру сапасын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту, қаржылай қолдау көрсету – нағыз шешім», – деп атап өткен болатын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ауыл шаруашылығының ахуалы – елдің экономикалық, әлеуметтік және экологиялық тұрақтылығының көрсеткіші. Жергілікті әкімдіктер тек жол жөндеумен немесе сыртқы сұлулықпен ғана емес, жер ресурстарын тиімді пайдалануымен, ауылдық бизнесті қолдауымен және нақты нәтиже беретін жоспарларымен бағалануы тиіс.
Ел Президенті атап өткендей, «ауыл шаруашылығын дамыту – бұл мемлекетті алға жетелейтін қозғалыс».
Олай болса, бұл қозғалыс ғылымға сүйенген, нақты жоспармен бекітілген, жауапкершілікпен орындалатын және шынайы есеппен өлшенетін болуға тиіс.