Шаһар басшысы мектеп бітірушілерді өмірлеріндегі ең маңызды күнмен құттықтап, білім жолындағы болашақ жоспарларының орындалуына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, мектеп басшысына айтулы күннің айшықты нышаны ретінде ақиық батырдың айбарлы бейнесі сомдалған портретті сыйға тартты. Ал осы қуанышты жаңалықтың іске асуына ұйытқы болған Пограничник ауылының тұрғыны Садықбек Нұсейітовке қала әкімі Құрмет грамотасы мен естелік сыйлығын табыс етті. Соңынан дәстүрлі түрде соңғы қоңырау соғылды.
Естеріңізге сала кетейік, осыдан бес жыл бұрын ауылдың бір топ адамдары Пограничник орта мектебіне батырдың есімін беру туралы ұсыныс жасаған болатын. Осыған орай, облыстық және қалалық тілдерді дамыту бөлімдері бірқатар зерттеу жұмыстарын жүргізіп, тер төкті. Биыл Бауыржан Момышұлының 100 жылдық мерейтойы қарсаңында сол игі бастама өз мәресіне жетті.
Гүлнар ҚАДЫРОВА,
мектеп директоры:
– Мектебіміз Бауыржан Момышұлындай қазақтың қайсар ұлының есімін алды. Мен мұны – теңдесі жоқ бақыт деп білемін. Сондықтан, оқушыларымызды патриоттық рухта тәрбиелеп, батыр аталарындай Отанына адал, ұлтжанды азамат болып өсуіне жағдай жасайтын боламыз. Мектебімізде барлығы 181 оқушы, 39 мұғалім бар. Биыл қазақ-орыс сыныптарынан 6 оқушы мектеп бітіріп отыр. Олардың екеуі ҰБТ тапсырады. Жалпы, биылғы оқу жылын 21 оқушы «үздік» тәмамдаса, солардың 18-і бастауыш сынып оқушылары. Ал 9-шы сыныптың екі оқушысы «қызыл аттестатқа» үміт артуда.
Айгүл МОЛДАШ