Freedom Inside '26

Атыраулық депутат Тимур Құлыбаевқа тиесілі мұнай кен орнын мемлекетке қайтаруды сұрады

Атыраулық депутат Тимур Құлыбаевқа тиесілі мұнай кен орнын мемлекетке қайтаруды сұрады
коллаж: Dalanews

Атырау облысынан сайланған депутат Сырымбек Сәрсембаев президентке үндеу жолдап, қазір Тимур Құлыбаев құрылымына тиесілі Айранкөл мұнай кен орнын мемлекет меншігіне қайтаруды сұрады. Бұл туралы Energy Monitor мәлімет таратты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Депутаттың айтуынша, бұған дейін Айранкөл кен орны мемлекеттік мұнай-газ басқару жүйесіне қараған. Алайда кейіннен «түсініксіз себептермен» жекеменшікке өтіп кеткен.

Қазір Айранкөл кен орнын пайдаланушы компания – «Каспий нефть». Ашық деректерге сәйкес, компанияның жалғыз иесі ретінде Тимур Құлыбаев көрсетіледі.

Сәрсембаев депутаттық сауалында кен орнын игеру келісімшартының мерзімі 2029 жылы аяқталатынын атап өтті. Соған қарамастан, компания келісімді тағы он жылға ұзарту рәсімін бастап кеткен.

Бұдан бөлек, депутат өңірдегі мұнай саласының дамуы мәселесін де көтерді. Оның айтуынша, жаңа кен орындарын анықтау үшін геологиялық барлау жұмыстарына бөлінетін қаржыны көбейту қажет.

Сондай-ақ ол мұнай-газ секторындағы ресурстарды басқару мәселесіне ерекше назар аударуға шақырды.