Атыраудағы жекеменшік балабақшалардың бірінде тәрбиеші бір жасар балаға қатыгездік көрсетті деген күдікке ілінді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оқиғаға қатысты мән-жайды Атырау облысының полициясы анықтап жатыр. Баланың анасының айтуынша, ол ұлының денесінен күмәнді іздерді байқап, олардың зорлық-зомбылық салдарынан пайда болуы мүмкін деп күдіктенген.
«Ақ Жайық» басылымының жазуынша, анасының күдігі балабақшадағы бейнебақылау камераларының жазбаларын көргеннен кейін расталған. Әйелдің сөзінше, бейнежазбадағы көріністер оны құқық қорғау органдарына жүгінуге мәжбүр еткен.
Оқиғадан кейін балабақша әкімшілігі аталған қызметкерді уақытша жұмыстан шеттету туралы шешім қабылдаған.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше, кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.
Ведомство өкілдері тергеу қатысы бар деп есептеген барлық тұлғалар полиция бөліміне жеткізілгенін хабарлады. Қазіргі уақытта қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат әзірге жария етілмейді.